СІМ Таяу Шығысқа бармауға шақырды

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдеріндегі күрделі жағдайға байланысты азаматтарға ескерту жасады.
Бұл туралы СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірдегі қауіпті жағдайға қарамастан, сол жаққа сапарға шығуға әрекеттеніп жатқан қазақстандықтар бар.
Министрлік азаматтарға Бахрейн, Мысыр, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы, Кувейт, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман және Сирияға барудан уақытша бас тартуға кеңес берді.
Айта кетейік, эвакуация басталғалы бері уәкілетті мемлекеттік органдар әуе компанияларымен бірлесіп 8,5 мыңнан астам қазақстандықты елге қайтарды.
Қазір Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан азаматтарды эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы күндері Израильден – 78, Қатардан – 350, Біріккен Араб Әмірліктерінен – 550 және Сауд Арабиясынан – 300 адамды елге қайтару жоспарланған.



