Жаңа кен орны – жаңа мүмкіндіктер

Абай облысында ірі өндірістік жоба нақты нәтижесін бере бастады. Аягөз ауданындағы «Сарыбұлақ» мыс кен орнында жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, өңір экономикасына серпін беретін кәсіпорын толық қуатқа жақындады.
Облыс әкімі Берік Уәли аталған нысанға барып, «Sarybulak Operating» ЖШС-нің жұмысымен танысты. 2024 жылы құрылған кәсіпорында бүгінде 300 адам еңбек етеді. Жобаның басты бағыты – мыс өндіру және өңдеу арқылы аймақтың индустриялық әлеуетін күшейту.

Кен орнында сульфидті кенді өңдейтін байыту фабрикасы іске қосылған. Оның жылдық қуаты 400 мың тонна кен өңдеуге жетеді. Нәтижесінде жыл сайын құрамында шамамен 20% мыс бар 30 мың тоннаға дейін концентрат өндіріледі. Өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да шығарылады.
Кәсіпорын өңір экономикасын әртараптандыруға ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған. Айта кетейік, жұмысшылардың 70 пайызы – жергілікті тұрғындар.
Сонымен қатар, компания әлеуметтік жауапкершілік аясында Бидайық ауылында спорт нысанының құрылысын бастап кеткен. Ауыр жүк көліктерінің қозғалысы мен жүк көлемі де белгіленген талапқа сай бақылауда.

Аймақ басшысы өндіріс алаңдарын аралап, технологиялық үдерістермен, еңбек қауіпсіздігі шараларымен танысты. Ол инвесторлармен тығыз жұмыс істеу және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту басты міндет екенін атап өтті.
– Президент тапсырмасы – инвесторлармен тиімді жұмыс істеу. Мұндай жобалар облыстың әлеуетін арттырады. Бастысы – жергілікті халықты жұмысқа тарту және әлеуметтік мәселелерді бірге шешу, – деді Берік Уәли.
Жалпы, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Абай облысының өнеркәсібінде өсім байқалды. Өндіріс көлемі 799,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 3,2%-ға артқан. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 8,1%-ды құрады.
Бұл көрсеткіштер өңірдегі өндірістің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.



