Тоқаев Digital Qazaqstan жобасы бойынша кеңес өткізді

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Digital Qazaqstan жобасының жүзеге асырылуына арналған жұмыс кеңесі өтті.
Кеңесте цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту мәселелері қаралды. Президент мемлекеттік құрылымдар жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында ауқымды жұмыс жүргізуі қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі мақсат – озық технология мен жасанды интеллектіні ел өмірінің барлық саласына кеңінен енгізу.
– Ең алдымен, қолайлы институционалдық, құқықтық және іскерлік орта қалыптастыру қажет. Қазақстан – ыңғайлы және озық цифрлық реттеу жүйесін енгізген елдердің қатарында. Біз бұл жұмысты алғашқылардың бірі болып бастадық. Атап айтқанда, елімізде Цифрлық кодекс қабылданды. Жасанды интеллект туралы арнайы заң күшіне енді. Бірақ бұл тек ауқымды жұмыстың басы ғана, мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Әлемде болып жатқан өзгерістердің қарқыны өте жоғары. Оны жақсы білесіздер. Ғылым, білім, технология аса жоғары жылдамдықпен дамып жатыр. Сондықтан нормативтік құжаттарды да дер кезінде жаңартып отыру керек. Бір сөзбен, қазіргі заманда әрбір азаматқа түсінікті және айқын болатын «Цифрлық мемлекет» ұғымын қалыптастыру қажет, яғни Digital Qazaqstan стратегиясы азаматтар мен бизнестің нақты талап-тілегін ескеруге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызды рөл атқарады.



