Тоқаев: Digital Qazaqstan халық мүддесіне қызмет етуі тиіс

Ақордада өткен жұмыс кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру барысында шешімін күткен бірқатар мәселе бар екенін атап өтті.
Президент мемлекеттік аппарат қызметін цифрландыруды жеделдету қажет екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа көшірілгенімен, ведомствоаралық ақпарат жүйелері әлі толық біріктірілмеген.
– Мемлекеттік аппарат қызметін цифрландыруды жеделдету қажет. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа ауыстырылған. Ведомствоаралық ақпарат жүйелері біріздендірілген үдеріске кіріктірілмеген. Жеделдік пен сапа барлық кезеңде басымдыққа айналуға тиіс. Бұған дейін айтқанымдай, адамдарды жүгіртіп, әуре-сарсаңға салмай, деректерді барынша қолжетімді еткен жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Digital Qazaqstan стратегиясында қағазбастылықты азайтып, мемлекеттік органдардағы ішкі процестерді түбегейлі өзгертуге басымдық берілуі қажет.
– Цифрландыру мен бюрократия от пен су сияқты бір біріне кереғар құбылыстар. Біз заманауи технологияларды ескірген бюрократияның тар шеңберіне қамауға тырыспай, жаңаша жұмыс істеп үйренуіміз керек. Заманауи цифрлық мемлекет жасанды интеллектіге бейімделуге және ауқымды деректер қорын оңтайлы пайдалануға міндетті. Осынау жаңа әрі күрделі саланың маманы сіздер. Қайткенде де, солай аталасыздар. Ендеше не тұрыс? Бізге нәтиже керек, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы әлемдік технологиялардың қарқынды дамып жатқанын атап өтті.
– Жасанды интеллект туралы жаңалықтарды үнемі оқып отырамын. Технологияның қарқынды дамып келе жатқаны соншалық, Қазақстанның цифрлық келешегіне алаңдай бастайсың. Меніңше, процесс өте баяу жүріп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке мемлекеттік аппаратты түбегейлі трансформациялау міндетін жүктеді. Бұл жұмысты үйлестіру Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне тапсырылды.
Сондай-ақ Президент ведомство жыл соңына дейін азаматтармен, бизнес өкілдерімен және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынастың жаңа форматына көшуде үлгі көрсетуі қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы AI-Sana бағдарламасын әрі қарай дамыту арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.



