Басты жаңалық

Қытайдағы жаңа инвестициялық кеңсе

Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында Абай облысының инвестициялық мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған маңызды жоба жүзеге асты. Мұнда «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның инвестициялық-сервистік кеңсесі ашылып, қытайлық серіктестермен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Салтанатты рәсімге Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, жаңа кеңсенің өңірге инвестиция тарту мен халықаралық экономикалық байланыстарды нығайтудағы маңызын атап өтті.

Өңір басшысы өз сөзінде қытайлық серіктестерге жобаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, Үрімші қаласының Абай облысы үшін маңызды экономикалық және логистикалық орталық екенін жеткізді.

– Бүгін Абай облысы үшін маңызды күн. Үрімші қаласында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының инвестициялық-сервистік кеңсесін ашып отырмыз. Бұл алаң өңірімізде жобаларды жүзеге асыруға мүдделі инвесторлармен, кәсіпкерлермен және компаниялармен тікелей әрі тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Біз адал, ашық және өзара тиімді әріптестікке әрдайым дайынбыз, – деді облыс әкімі.

Жаңа инвестициялық-сервистік кеңсе әлеуетті инвесторларға Абай облысындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат беріп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналысады. Кеңсе инвесторлардың өтініштерін қабылдап, жобаларға бастапқы талдау жүргізеді, қажетті құжаттарды әзірлеуге көмектеседі, кездесулер ұйымдастырады және материалдарды одан әрі қарау үшін «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолдайды.

Кеңсенің негізгі мақсаты – инвесторлар мен Абай облысы арасындағы өзара байланысты нығайтып, инвестициялық жобалардың сапалы әрі жүйелі жүзеге асуына қолдау көрсету. Бұл бастама өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жаңа халықаралық әріптестіктерді дамытуға бағытталған.

Іс-шара аясында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен қытайлық серіктестер арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Үрімші қаласындағы инвестициялық-сервистік кеңсенің қызметін ұйымдастыруды, Абай облысына жеке инвестиция тартуды және екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.

Меморандумға сәйкес, кеңсе ақпараттық-консультациялық және ұйымдастырушылық қызмет көрсететін серіктестік алаңы ретінде жұмыс істейді. Құжатта оның Қазақстан Республикасының дипломатиялық, консулдық немесе өзге де ресми мемлекеттік өкілдігі болып табылмайтыны нақты белгіленген. Сондай-ақ кеңсе мемлекеттік қызметтер көрсетпейді, виза немесе өзге де ресми құжаттарды рәсімдемейді, жер телімдерін беру, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну немесе бюджеттік қаржыландыру жөнінде шешім қабылдамайды.

Облыс әкімі бұл алаңның басты міндеті инвесторларға дұрыс бағыт-бағдар беру, сапалы ақпарат ұсыну және перспективалы жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау екенін ерекше атап өтті.

Қазіргі таңда Абай облысы өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, логистика, қайта өңдеу өнеркәсібі, туризм, инфрақұрылым және экспортқа бағытталған өндіріс салаларындағы инвестициялық жобаларды дамытуға басымдық беріп отыр. Жаңа кеңсенің қызметі осы бағыттар бойынша шетелдік инвесторлармен байланысты күшейтіп, бірлескен жобалардың санын арттыруға мүмкіндік береді.

Меморандумға сәйкес, кеңсенің қызметіне байланысты барлық ұйымдастырушылық және пайдалану шығындары инвесторлар, серіктестер және басқа да бюджеттен тыс қаржы көздері есебінен қаржыландырылады. Қазақстан Республикасының республикалық немесе жергілікті бюджеті, Абай облысының әкімдігі және «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан бюджеттік қаржыландыру қарастырылмаған.

Берік Уәли Үрімші қаласында ашылған жаңа инвестициялық алаң Қытай бизнесі мен Абай облысының мүмкіндіктерін өзара байланыстыратын тиімді көпірге айналатынына сенім білдіріп, бұл бастама екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететінін айтты.

Жаңа инвестициялық-сервистік кеңсенің ашылуы – Абай облысының халықаралық инвестициялық байланыстарын кеңейтуге, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Басқа жаңалықтар

Back to top button