Басты жаңалық

Құс фабрикасының қарқыны қандай?

Абай облысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып отырған ірі кәсіпорындардың бірі – Семейдегі «Восток Бройлер» құс фабрикасы. Өндіріс көлемін тұрақты арттырып, жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның бүгінгі тынысымен облыс әкімі Берік Уәли танысты.

Аймақ басшысы өндірістік кешенді аралап, құс өсіруден бастап дайын өнімді қаптап, тұтынушыларға жөнелтуге дейінгі толық өндірістік циклмен танысты. Кәсіпорында барлық технологиялық үдеріс халықаралық тағам қауіпсіздігі стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

1967 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орнының жылдық жобалық қуаттылығы – 8 мың тонна. Мұнда жыл сайын 5 миллионға дейін тауық өсіріліп, нарыққа шығарылады. Ал сою цехының тәуліктік қуаты орта есеппен 25 тоннаны құрайды. Өткен жылы фабрикада 8 346 тонна құс еті өндіріліп, өнім Қазақстан өңірлерімен қатар Ресей Федерациясына да жөнелтілген.

Бүгінде кәсіпорында 320 адам тұрақты еңбек етеді. Бұл өндіріс орны өңірдегі азық-түлік өндірісін дамытуға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын сақтауға да елеулі үлес қосып отыр.

Кәсіпорын жұмысымен танысқан облыс әкімі өңдеу өнеркәсібін дамыту мен өндіріс көлемін ұлғайту – Мемлекет басшысы айқындаған негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.

– Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мұндай кәсіпорындардың маңызы зор. Сондықтан өндіріс орындарының қуатын арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деді Берік Уәли.

Басқа жаңалықтар

Back to top button