Семейдің ірі цемент зауыты

«Семей цемент зауыты» ӨК» ЖШС – өңірдегі ірі әрі стратегиялық маңызы бар өнеркәсіп кәсіпорындарының бірі. 1958 жылы іргесі қаланған зауыт бүгінде Қазақстандағы құрылыс индустриясының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Кәсіпорында шамамен 1 000-ға жуық адам еңбек етеді. Бұл оның Семейдегі ең ірі жұмыс беруші өндіріс орындарының бірі екенін көрсетеді.

Кәсіпорынның негізгі қызметі – цемент өндіру. Зауытта дымқыл тәсілмен жұмыс істейтін төрт айналмалы клинкер пеші бар. Өндірістік қуаттылығы жылына 1 миллион 150 мың тонна цемент өндіруге мүмкіндік береді. Көпжылдық жұмыс барысында зауыт өнімдері еліміздің түрлі өңірлеріндегі тұрғын үйлердің, жолдардың және өндірістік нысандардың құрылысына кеңінен пайдаланылып келеді. Соңғы жылдары кәсіпорында негізгі технологиялық жабдықтарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, өндіріс тиімділігін арттыруға басымдық берілуде.
Қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында кәсіпорында бірқатар экологиялық шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2023 жылы №4 айналмалы пештің шаң ұстағыш жабдығы – БГПП-32-3СК электрофильтрі тиімділігі жоғары жаңа қондырғымен ауыстырылды. Тазалау тиімділігі кемінде 99,33 пайызды құрайтын бұл жабдық шаң шығарындыларын жылына 34 тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік берді.

Ал 2025 жылы №1 айналмалы пешке орнатылған ЭГА-1-40-112-6-3 маркалы электрофильтр заманауи жоғары тиімді шаң ұстау жүйесіне ауыстырылды. Нәтижесінде шаң шығарындылары жылына 21,74 тоннаға төмендейді.
Осылайша, «Семей цемент зауыты» өндіріс көлемін арттырумен қатар, экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауға да ерекше көңіл бөліп келеді. Кәсіпорында жүзеге асырылып жатқан жаңғырту жұмыстары өндірістің тиімділігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға түсетін жүктемені де азайтуға бағытталған.



