Абай жастары

Білім мен логика тоғысқан дода

Семейде «Студенттік көктем – 2026» аясында өткен Quiz ойыны студенттердің білімін ғана емес, ойлау жылдамдығы мен тапқырлығын қатар сынаған тартысты бәсекеге айналды.

Абай облысында «Абай жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Студенттік көктем – 2026» облыстық байқауы 20–24 сәуір аралығында өтуде. Байқаудың екінші күні зияткерлік «Quiz» ойынына арналды.

Сайысқа өңірдегі жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты. Атап айтқанда, «Шәкәрім университеті», «Семей медицина университеті», Alikhan Bokeikhan University, сондай-ақ Геологиялық барлау колледжі, М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжі, Р. Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық жоғары колледжі, IT және жаңа технологиялар жоғары колледжі, Бизнес және сервис жоғары колледжі және Шәкәрім жоғары колледжінің командалары бақ сынады.

Қатысушылар бірнеше кезең бойынша түрлі тақырыптағы сұрақтарға жауап беріп, логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау және командалық үйлесім деңгейін көрсетті. Сайыс тартысты өтіп, кей кезеңдерде жеңімпаз соңғы сұрақта ғана анықталды.

Нәтижесінде жоғары оқу орындары арасында І орынды «Шәкәрім университеті» иеленді. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында Геологиялық барлау колледжі үздік деп танылды.

Айта кетейік, «Студенттік көктем – 2026» байқауы алдағы күндері де жалғасады. Қатысушыларды мәдени, шығармашылық және зияткерлік бағыттағы өзге де кезеңдер күтіп тұр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button