Екпе салмасаң, айыппұл күтіп тұр

Малды уақытылы вакцинацияламаған фермерлерге айыппұл салынады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғалий Бердалин мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұған дейін мұндай бақылау тетіктері болмаған. Енді ветеринариялық инфрақұрылым іске қосылып, қосалқы шаруашылықтарға да нақты жауапкершілік жүктеледі.
Жаңа тәртіпке сәйкес, мал иелеріне вакцинация жүргізілетіні туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Егер соған қарамастан мал ветеринариялық пунктке әкелінбесе, иесіне айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылады.
23 сәуірде Мәжілісте «Ветеринария мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Жаңа өзгерістер мал ауруларының алдын алуға және бақылауды күшейтуге бағытталған.



