Түрік тіліне жаңа мүмкіндік

Шәкәрім университетінде халықаралық білім кеңістігін кеңейтетін маңызды жоба іске қосылды – оқу орнында жаңа Түрік тілі кабинеті салтанатты түрде ашылды. Бұл бастама Қазақстан мен Түркия арасындағы рухани, мәдени және білім беру байланысын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
2026 жылғы 23 сәуірде өткен шараға Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA) өкілдері арнайы қатысып, екіжақты серіктестіктің маңызын атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстандағы өкіл Фуат Эрдогмуш, оның орынбасары Али Курт, Алматыдағы өкіл Есентай Гүлсара және ассистент Исламбек Шапенов делегация құрамында болды.

Салтанатты ашылу рәсімінде Шәкәрім университеті академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бейімбет Серікұлы Дәрібаев сөз сөйлеп, жаңа кабинеттің студенттердің тіл үйренуіне, мәдени танымын арттыруға және халықаралық білім алмасуға жол ашатынын жеткізді.
Іс-шара аясында 214-кабинетте TİKA өкілдері студенттермен және профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесті. Еркін форматта өткен жүздесуде тараптар тәжірибе алмасып, болашақ бірлескен жобалар мен академиялық ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

Кездесу барысында студенттер түрік тілінде ән шырқап, шығармашылық қойылымдар ұсынды. Бұл бағдарламалар бауырлас халықтардың мәдени жақындығын айқын көрсетіп, шараның мазмұнын байыта түсті.
Жаңа кабинет – тек оқу аудиториясы емес, ол екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтатын маңызды білім алаңы.



