Инвесторларға үміт артқан Семей

Облыс әкімі құрылыс саласындағы инвесторлармен кездесіп, жаңа үйлер салу мен қаланы дамыту жайын талқылады. Жиын еркін форматта өтті, оған басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысты.

Қазір облыс бойынша 32 мыңнан астам отбасы үй кезегінде тұр. Оның 22 мыңы – Семей қаласының тұрғындары. Олардың арасында әлеуметтік осал топтар, көпбалалы отбасылар мен жетім балалар бар. Сонымен қатар, «Отбасы банкінде» 90 мыңға жуық адам есепшот ашып, 34 млрд теңге жинақтаған.

Семей облыс орталығы атанғалы халық саны артты. Бірақ қолдағы тұрғын үйлер бұл сұранысты толық жаба алмай отыр. Қаладағы 1 588 үйдің тек 123-і соңғы үш жылда салынған. Бұдан бөлек, 53 үй апатты, тағы 20 үй ескі.
Әкім жаңа аудандар салынып жатқанын айтып, инвесторларды белсенді жұмыс істеуге шақырды. Оның сөзінше, қазіргі үйлер тек баспана емес, жайлы әрі қауіпсіз орта болуы керек. Сондықтан құрылыс сапасы, инфрақұрылым және заң талаптары басты назарда болады.

Жиында мамандар Семейдің алдағы құрылыс жоспарларын таныстырды. Ал «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мемлекет инфрақұрылымды тартып беретінін, ал үйді инвесторлар салып, кейін мемлекет сатып алуы мүмкін екенін айтты.
Кездесу соңында әкім мұндай басқосулар әлі де жалғасатынын жеткізді. Негізгі мақсат – өңірге инвестиция тартып, тұрғын үй мәселесін шешу.



