Басты жаңалық

5000 адам жиналған экологиялық бастама

Семей қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысуымен телекөпір өтті. Оған Абай облысы тұрғындары да бейнережим арқылы қосылды.

Шара Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңы аумағында ұйымдастырылып, оған облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, түрлі сала қызметкерлері мен студенттер қатысты. Жалпы саны 5 мыңға жуық тұрғын қамтылды.

Телекөпір барысында Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасының мәні терең екенін атап өтіп, барша қазақстандықтарды экологиялық акцияларға белсенді қатысуға шақырды.

Телекөпірден кейін сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли өңірде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» – бір реттік науқан емес, тұрақты дәстүрге айналуы тиіс маңызды бастама.

– «Жаңа ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен телекөпірде Президентіміз “Таза Қазақстан” экологиялық бастамасының мәні тереңде екенін атап өтіп, барша қазақстандықтарды тазалық акциясына белсенді қатысуға шақырды. Шын мәнінде, бұл – жыл бойы жалғасатын игі үрдіс болуы керек. “Сана тазармай, қала тазармайды”. Қоғамдық орынның тазалығы – әр адамның мәдениеті мен ұлтқа деген құрметінің айнасы», – деді облыс әкімі.

Өңірде өткен жылы аталған бағдарлама аясында 349 мыңнан астам адам сенбіліктерге қатысып, 52 мың тонна қоқыс шығарылды. 70 мыңнан астам көшет отырғызылып, 191 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылған.

Ал биыл 3 сәуір мен 31 мамыр аралығында санитарлық-экологиялық екі айлық өтуде. Осы уақыт ішінде 29 мыңнан астам тұрғын, 2040 ұйым және 461 техника жұмылдырылып, 12 мыңнан астам аула, 97 саябақ пен сквер, 57 ескерткіш аумағы тазартылды. Полигондарға 2897 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар, 67 мың ағаш отырғызу және жол бойларында орман жолақтарын қалыптастыру жоспарланған.

Қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарды сақтау мақсатында 4 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 9,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы – қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамның жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама.

Басқа жаңалықтар

Back to top button