Аймақ тынысы

Экологиялық акция Көкпектіде жалғасын тапты

«Бұлақ көрсең, көзін аш» – осы бір қағида Көкпекті ауданында нақты іске айналды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен «Мөлдір бұлақ» шарасы табиғатты аялау мен тарихи жадыны жаңғыртудың жарқын үлгісін көрсетті.

Аудан тұрғындары «Илья бұлағы» бағында сенбілік ұйымдастырып, бұлақ көздерін тазартты. Аумақ ретке келтіріліп, табиғи ортаның тазалығы қалпына келтірілді. Бұл бастама – қоршаған ортаға жанашырлықтың ғана емес, өткенге деген құрметтің де айқын көрінісі.

Аталған бақтың өзіндік тарихы бар. Оны өз қолымен Ұлы Отан соғысының ардагері Илья Бирюков отырғызып, терек пен жеміс ағаштарын егіп, көркейтуге елеулі үлес қосқан. Бүгінде бұл орын тұрғындардың тынығып, серуендейтін сүйікті мекеніне айналған.

Жастар бұл дәстүрді үзбей жалғастырып келеді. Сенбілік барысында тек тазалық жұмыстары ғана емес, қоғамдық жауапкершілік пен экологиялық мәдениет те нығая түсті. Алдағы уақытта саябақты абаттандыру жұмыстары жалғасып, қоршауларды жөндеу, аумақты әрлеу көзделген.

Шара барысында ардагердің ұлы Владимир Бирюков естелігімен бөлісті. Оның айтуынша, бұл бұлақ – әке аманаты, ұрпаққа қалдырылған құндылық.

Көкпектіде өткен бұл игі іс «Таза Қазақстан» бастамасының мазмұны терең екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Табиғатты қорғау – бір күндік науқан емес, ұрпаққа үлгі болатын тұрақты дәстүр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button