1200 адамға жұмыс беретін жоба қандай?

Абай облысында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі – «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің іске асырылу барысы қаралды. Жоба өңір экономикасын жандандырумен қатар, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Облыс әкімі Берік Уәли «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Талғат Алдабергеновпен кездесті. Жиынға өңірлік басқарма басшылары, Аягөз, Үржар және Мақаншы аудандарының әкімдері, сондай-ақ мердігер ұйым өкілдері қатысты.

Жоба Абай облысы үшін стратегиялық маңызға ие. Теміржол желісінің іске қосылуы нәтижесінде 1200 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар бұл бастама халықаралық көлік дәліздерін дамытуға және транзиттік ағындарды арттыруға мүмкіндік береді.
Өңір басшысы жобаның ұлттық экономикадағы рөліне тоқталды. Жаңа теміржол Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк өткізу қабілетін 28 миллион тоннадан шамамен 48 миллион тоннаға дейін ұлғайтады. Бұл өз кезегінде оңтүстік бағыттағы жүктемені азайтып, қосымша транзиттік мүмкіндіктер қалыптастырады.

Сонымен қатар өңірде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Семей қаласында және бірқатар елді мекендерде 10 теміржол вокзалы қайта жаңартылуда.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруға келісті.



