Басты жаңалық

Алакөлдің әлеуеті артып келеді

Абай облысының әкімі Берік Уәли Мақаншы ауданының Қабанбай ауылында Алакөл көлі жағалауындағы туристік инфрақұрылымды дамытуға арналған көшпелі кеңес өткізді.

Жиында жазғы туристік маусымға дайындық, демалыс орындарының жай-күйі, қауіпсіздік шаралары мен қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі Алакөл жағалауы өңір экономикасына серпін беретін маңызды туристік аймақтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, демалушылар саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан жағалаудағы инфрақұрылымды заман талабына сай жетілдіру негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.

Кеңесте Мақаншы ауданының әкімі Даурен Қойгельдин атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қазіргі кезде жағалауда қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге басымдық берілген. Бейнебақылау жүйесі кеңейтіліп, дрон арқылы бақылау жүргізілуде. Құтқару қызметінің жұмысы ұйымдастырылып, өрт сөндіру депосының құрылысы басталған.

Сонымен қатар жағалауды абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Демалыс аймақтары жаңартылып, саябақ пен арбат аумағы ретке келтірілуде. Балалар ойын және спорт алаңдарын салу, жарықтандыру жүйесін жаңарту, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында санитарлық тораптар, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар орнатылған. Қоқыс шығару жұмыстары тұрақты бақылауға алынған.

Жиында инженерлік желілерді жаңғырту, байланыс сапасын жақсарту және цифрлық қызметтерді дамыту мәселелері де қозғалды. Алакөл жағалауында қосымша байланыс станцияларын орнату және талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, «Visit Abai» туристік ақпараттық орталығының алдағы жоспары таныстырылды. Туристерге арналған ақпараттық қызметтерді жетілдіру және өңірдің туристік әлеуетін кеңейту бағытындағы жобалар сөз болды.

Кеңес қорытындысында облыс әкімі жауапты мекемелерге барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Ол Алакөл жағалауы туристер үшін қауіпсіз, таза әрі қолайлы демалыс орнына айналуы тиіс екенін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button