«Асыл Мирас» қалай жұмыс істейді?

Қазір аутизм туралы жиі айтылып жүр. Көп ата-ана баласының дамуында өзгешелік байқаса, қайда баруын, неден бастарын білмей жатады. Осындай кезде нақты көмек беретін орындардың бірі – «Асыл Мирас» орталығы.
Бұл орталықтардың ерекшелігі – бәрі жүйелі түрде жүреді. Яғни бала бірден сабаққа кірмейді. Алдымен тіркелесіздер, кейін арнайы диагностика жасалады. ADOS-2 сияқты халықаралық әдістер, түрлі сауалнамалар арқылы баланың деңгейі анықталады. Одан кейін оның қандай дағдылары бар, қай тұсын дамыту керек бәрі жеке-жеке қаралады. Сөйтіп балаға арнайы бағдарлама құрылады.
Мұнда жұмыс жай ғана «сабақ өтумен» шектелмейді. Негізі ғылыми дәлелденген әдістер. Соның ішінде ең маңыздысы – ABA терапиясы. Бұл әдіс арқылы баланың мінез-құлқы түзеледі, жаңа дағдылар біртіндеп қалыптасады. Бәрі жүйелі және түсінікті түрде жүреді.
Орталықта 6 түрлі бағдарлама бар. Мысалы, ең кішкентай балаларға арналған ерте қолдау бағыты бар. Бұл жерде бала ата-анасымен бірге қатысады. Себебі ерте басталған жұмыс ең тиімдісі.
Ал 3–7 жастағы балаларға «JASPER» бағдарламасы ұсынылады. Бұл сөйлеу мен қарым-қатынасты дамытуға көмектеседі. Кей балалар дәл осы кезеңде алғаш сөйлей бастайды.
Ауылда тұратын балалар үшін арнайы 10 күндік қарқынды курс бар. Қысқа уақытта нақты нәтиже беруге бағытталған.
Тағы бір бағыт – оқыту дағдылары. Бұл топпен жұмыс істеуді, басқа балалармен байланыс орнатуды үйретеді. Ал әлеуметтік дағдылар бағдарламасында сөйлей алатын, бірақ араласуға қиналатын балалар шағын топта жұмыс істейді.
Өмірлік дағдылар бағдарламасы да маңызды. Мұнда бала күнделікті өмірге қажетті нәрселерді үйренеді: киіну, тамақ істеу, жеке гигиена. Яғни біртіндеп өз-өзіне сенімді бола бастайды.
Маңыздысы – орталықтағы жұмыс тек баламен ғана емес, ата-анамен де қатар жүреді. Мамандар кеңес береді, бағыт көрсетеді. Баланың дамуы үнемі бақылауда болады.
«Асыл Мирас» жай орталық емес. Бұл баланың дамуына нақты жол көрсететін, ата-анаға сенім беретін орын. Барлық қызмет тегін көрсетіледі.



