«Әділет» партиясы: Ортақ мақсат – Әділетті Қазақстан құру

«Әділет» партиясы AMANAT партиясының басшылығы мен мүшелерінің партия қатарына қосылу туралы қабылдаған шешімін құптап, оларға шынайы алғысын білдірді.
Партия бұл қадамды маңызды әрі жауапты шешім ретінде бағалап отыр. Сондай-ақ аталған бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған саясатты және азаматтардың мүддесіне сай жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформаларды қолдау деп қабылдайды.
«Әділет» партиясының мәлімдеуінше, бүгінде қоғам игілігі жолында еңбек ету, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттарын нығайту, елдегі оң өзгерістерді қолдау секілді ортақ міндеттер алдыңғы қатарға шыққан.
Партия жауапкершілік пен адал еңбекті басты құндылық санайтын, Қазақстанның тұрақты дамуына үлес қосуды мақсат ететін барлық азаматқа ашық екенін атап өтті. Сонымен қатар елдің әл-ауқатын арттыруға және мемлекеттің дамуына бағытталған бастамаларды жүзеге асыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Партия өкілдерінің пікірінше, бірлік пен ортақ мақсат жолындағы мұндай қадамдар қоғамның дамуына серпін беріп, елдегі реформалардың тиімді іске асуына ықпал етеді.



