Жолаушыларға жайлы жаңа автобустар

Семей қаласының қоғамдық көлік паркі алғаш рет электр қуатымен жүретін 15 жаңа электробуспен толықты. Заманауи қоғамдық көліктер №10 және №45 әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жолаушыларға қызмет көрсетеді.
Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес қаладағы тасымалдаушы мекемелер өткен жылдан бері автопарктерін кезең-кезеңімен жаңартып келеді. Осы жұмыстар аясында облыс басшысы Семей қаласын аралау барысында жаңадан сатып алынған электробустардың мүмкіндіктерімен танысты.

«Bus Group» ЖШС сатып алған «Skywell NJL 6108 BEV» маркалы электробустар 90 жолаушыны тасымалдауға арналған. Көліктер 350 шақырымға дейін жүретін электр қозғалтқышымен жабдықталған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған механикалық пандус, жұмсақ орындықтар, қуатты кондиционер, жылыту жүйесі, USB порттары және интеллектуалды бейнебақылау камералары орнатылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өртті автоматты сөндіру жүйесі мен өрт сөндіргіштер қарастырылған.
Компания алдағы уақытта тағы бес электробус сатып алуды жоспарлап отыр.

Жаңа қоғамдық көліктермен танысқан облыс әкімі Семейдегі қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
– Бұл – өңірдегі алғашқы толық электр қуатымен жүретін автобустар. Жыл соңына дейін қосымша 50-ге жуық жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде Семейдің қоғамдық көлік паркі 100-ден астам жаңа автобуспен толығады. Ең бастысы – тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіліп, қозғалыс кестесі қатаң сақталуы қажет, – деді Берік Уәли.
Қазіргі таңда Семей қаласында қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы автопарк 62 жаңа автобуспен толыққан болатын. Бұл бастамалар қала тұрғындары үшін қоғамдық көліктің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттырып, жол-көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді



