Әлеумет

eGov.kz-тегі көпшілік біле бермейтін мүмкіндік

Жақыныңыздың анықтамасын заңды түрде өзіңіз ала аласыз: eGov.kz-тегі көпшілік біле бермейтін қызмет

«Анамның анықтамасын өзім алып берсем бола ма?», «Жолдасым іссапарда жүр, қажетті құжатты оның орнына рәсімдеуге мүмкіндік бар ма?»

 Осындай сұрақтар көптің көкейінде жүреді. Көпшілік мұндай жағдайда міндетті түрде құжат иесінің өзі баруы немесе электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалануы керек деп ойлайды. Алайда электрондық үкімет порталында бұл мәселенің әлдеқайда жеңіл шешімі қарастырылған.

eGov.kz порталындағы көпшілік біле бермейтін, бірақ күнделікті өмірде жиі қажет болатын қызметтердің бірі – үшінші тұлғаның атынан анықтама алу сервисі. Бұл мүмкіндік азаматтың өз келісімі болған жағдайда оның кейбір анықтамаларын басқа адамның алуына жол ашады. Яғни ата-анаңызға, жұбайыңызға немесе жақын туысыңызға қажетті құжатты рәсімдеу үшін міндетті түрде бірге жүрудің қажеті жоқ.

Бұл қызметтің басты ерекшелігі – құжат иесінің ЭЦҚ-сы талап етілмейді. Оның орнына азамат өзінің келісімін ұялы телефонына келетін бір реттік SMS-код арқылы растайды. Осылайша жүйе әрі ыңғайлы, әрі қауіпсіз жұмыс істейді. Өйткені анықтама иесінің рұқсатынсыз ешкім оның жеке мәліметтеріне қол жеткізе алмайды.

Қызметті пайдалану да күрделі емес. Алдымен eGov.kz порталына кіріп, «Үшінші тұлғамен анықтама алу сервисін»таңдау қажет. Кейін анықтамасы керек адамның ЖСН-і енгізіледі. Егер оның телефон нөмірі Азаматтардың мобильдік деректер қорында тіркелген болса, жүйе бірден оған хабарлама жібереді. Азамат өтінішті мақұлдай ма, әлде бас тарта ма – шешімді өзі қабылдайды. Жауап екі сағат ішінде SMS арқылы және порталдағы жеке кабинетке келеді. Егер рұқсат берілсе, сұралған анықтама өтініш жасаған адамның жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Қазіргі таңда бұл сервис арқылы үш түрлі анықтаманы алуға болады. Олар – жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтама, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама және сотталғандығының болуы немесе болмауы туралы анықтама. Бұл құжаттар тұрғын үй сатып алу немесе сату кезінде, банк қызметтерін пайдалану барысында, жұмысқа орналасуда және басқа да көптеген жағдайда қажет болуы мүмкін.

Мысалы, егде жастағы ата-анаңыз басқа қалада тұрса немесе денсаулығына байланысты мемлекеттік мекемелерге бара алмаса, олардың келісімімен қажетті анықтаманы өзіңіз рәсімдей аласыз. Сол сияқты іссапарда жүрген жұбайыңыздың немесе уақытша қолы бос емес жақыныңыздың құжатын заң аясында алып беру де оңай. Мұндай мүмкіндік уақытты үнемдеп қана қоймай, жақындарыңыздың шаруасын жеңілдетуге көмектеседі.

Алайда бұл қызметті пайдалану үшін бір маңызды талап бар. Азаматтың ұялы телефон нөмірі міндетті түрде ЖСН-іне байланыстырылуы керек. Себебі келісім дәл сол телефон нөміріне жіберілетін SMS арқылы беріледі. Егер нөмір тіркелмесе, қызметті пайдалану мүмкін болмайды. Сондықтан eGov.kz порталындағы жеке кабинеттен телефон нөміріңіздің дұрыс тіркелгенін алдын ала тексеріп қойған жөн. Қажет болса, оны портал арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығында оңай байланыстыруға болады.

Электрондық үкімет порталында көпшілік мән бере бермейтін осындай қызметтер аз емес. Көп жағдайда олардың бар екенін қажеттілік туған кезде ғана білеміз. Сондықтан eGov.kz-тің мүмкіндіктерімен алдын ала танысып жүрген пайдалы. Бұл күтпеген жағдайда уақыт жоғалтпауға, артық қағазбастылықтан құтылуға және мемлекеттік қызметтерді әлдеқайда тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Кейде бірнеше минутта орындалатын цифрлық қызмет ұзақ уақыт алатын мәселені оңай шешіп береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button