Басты жаңалық

Өңірдегі өзекті мәселелер кеңесте қаралды

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңір үшін өзекті екі мәселе – мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңды іске асыру және эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру жайы талқыланды.

Жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және ветеринария басқармасы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндады.

Кеңесте 1 шілдеден бастап қолданысқа енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңның негізгі өзгерістері таныстырылды. Енді мемлекеттік қызмет азаматтардың сұранысына негізделген сервистік модель бойынша жұмыс істейді. Кадрларды іріктеу толық цифрландырылып, конкурстар «е-Қызмет» жүйесі арқылы ашық форматта өткізілмек. Сонымен бірге жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту мен олардың кәсіби әлеуетін арттыруға басымдық берілген.

Аймақ басшысы заң талаптарын сапалы іске асыру әрбір мемлекеттік органның тікелей міндеті екенін атап өтті.

– Мемлекеттік қызметтің сапасы ең алдымен қызметкердің кәсібилігіне, жауапкершілігіне және заң талаптарын сақтауына байланысты. Сондықтан жаңа өзгерістерді әрбір мемлекеттік қызметші толық түсініп, күнделікті жұмысында басшылыққа алуы қажет, – деді Берік Уәли.

Кеңестің екінші бөлігінде өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздік мәселесі қаралды. Биыл облыста аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы және жабайы жануарларды вакцинациялау, диагностикалық зерттеулер жүргізу, ауру ошақтарын залалсыздандыру және тұрақты мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр.

Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстар тек ветеринария саласының ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті екенін ерекше атап өтті.

Осыған байланысты жауапты мекемелерге құтыруға қарсы профилактикалық шараларды күшейту, вакцинацияны толық аяқтау, ветеринариялық талаптардың орындалуын қатаң бақылау, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру және қаңғыбас жануарларды аулау мен оларды уақытша ұстау инфрақұрылымын дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Кеңес қорытындысында Берік Уәли барлық тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы өңірдің санитариялық және ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі екенін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button