Басты жаңалық

Ер қанаты – ат, ел қанаты – спорт

Семейде заманауи инклюзивті кешен бой көтереді

Ұлылар мекені Семейдің топырағы тағы бір айтулы оқиғаға куә болды. Мемлекет басшысының бастамасымен қарқын алған «Абайға құрмет» қайырымдылық акциясы бұл жолы аймақтағы әлеуметтік теңдік пен спорттың дамуына жаңа серпін бермек. Шаһардағы Қарағайлы тұрғын үй ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған заманауи инклюзивті спорт кешенінің іргетасы қаланды. Мұндай ауқымды әрі мамандандырылған нысан Абай облысының тарихында бұрын-соңды болмаған.
Салтанатты шараға өңір басшысы Берік Уәли, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева және жергілікті спортшылар мен тұрғындар қатысты. Аймақ әкімі бұл жобаның жай ғана құрылыс емес, болашаққа жасалған маңызды қадам екендігіне ерекше тоқталды.

«Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Елдің ертеңіне салынған бұл инвестиция – ұрпақтың жарқын болашағына жасалған батыл қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға, оны бұқараға теңдей қолжетімді етуге айрықша мән беріп келеді. Спорт – тек кәсіпқойлар мен биік белестерді бағындырушыларға ғана емес, әрбір азаматқа ортақ болуы тиіс. Әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар отандастарымыздың дене шынықтырумен айналысуына, шеберлігін шыңдауына толық жағдай жасалуы қажет. Жаңадан іргесі қаланған нысан – осы ұстанымның айқын дәлелі. Мұнда балалар мен ересектер тек жаттығып қана қоймай, өз күшіне сенуді, қиындықты еңсеруді меңгереді. Осындай маңызды бастаманы қолдаған «Қазақстан халқына» қорына өңір жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Берік Уәли.

Екі қабаттан тұратын заманауи нысан бір мезгілде 130 адамды қабылдауға қауқарлы. Кешен ішінде әмбебап спорттық залдар, адаптивті дене шынықтыру, күрес элементтері бар арнайы аймақ, тренажерлық бөлмелер, бочча залы, сондай-ақ үстел теннисі мен интеллектуалды ойындарға арналған орындар қарастырылған. Тек спорттық емес, медициналық әрі оңалту кабинеттерімен де жабдықталатын орталық толығымен кедергісіз орта талаптарына сай жобаланған. Пандустар, лифттер мен бейімделген санитарлық тораптар мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қозғалуына толық мүмкіндік береді.
Қор тарапынан өңірде бұған дейін де ауқымды жобалар атқарылғанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, шағын жинақты мектептерді дамыту шеңберінде 764,7 миллион теңгеге 36 білім ошағына 58 кабинет орнатылса, «QH Жасампаз ұрпақ» жобасы бойынша Аягөз, Бесқарағай, Жаңасемей және Мақаншы аудандарындағы қосымша білім беру ұйымдары 480 миллион теңгеге заманауи құралдармен жарақтандырылды.
Іргетас қалау рәсімінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева да сөз алып, бұл қолдаудың жалғаса беретінін жеткізді.

«Біздің қор қоғамға пайдасын тигізетін әрбір бастаманы қолдауға дайын. Бүгінгі спорт кешені – сөзіміздің айқын дәлелі. Нысан өңірдегі мүгедектігі бар азаматтарға тұрақты түрде шынығуға, заманауи инфрақұрылымды пайдалануға жол ашады. Басталған құрылыс сапалы аяқталып, ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет ететініне сенімдімін», – деді қор басшысы.

Бұл қуанышты жаңалықты өңір спортшылары да ерекше тебіреніспен қарсы алды. Бочча спортынан Қазақстанның екі дүркін чемпионы Руслан Еренбаев мұндай кешеннің ашылуы көптен бергі арманның орындалуы екенін жасырмады. Шындығында да, қазіргі таңда Абай облысындағы арнайы спорт клубында 253 спортшы тұрақты жаттығады. Олардың қатарында халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген саңлақтар да бар. Мәселен, Токиода өткен XXV Сурдлимпиада ойындарында жерлестеріміз Алтынбек Кәкітаев пен Айым Жетпіспаева қола жүлдені еншілеп, ел мерейін өсірген еді. Енді жаңа кешен бұл көрсеткіштерді еселей түсуге зор мүмкіндік береді.

Жалпы, Абай облысында спорттық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы Алғабас, Петропавловка және Қарабұлақ ауылдарында жаңа спорт нысандары ашылса, биыл Семейдің Водный, Бобровка кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, ал Екпін мен Ойшілік ауылдарында спорт модульдері ел игілігіне берілді. Қазіргі таңда өңірде тағы 21 спорттық объектінің құрылысы қатар жүргізілуде. Оның ішінде Бесқарағай, Қалбатау, Шардағы бассейндер, Аягөз, Көкбай, Саржал, Ерназар сияқты шалғай ауылдардағы заманауи залдар мен стадиондар бар.

«Абайға құрмет» акциясы бұл күндері бүкіл елді біріктірген үлкен қозғалысқа айналды. Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының сыйы – Рәміздер алаңы бой көтерсе, жаңа әкімшілік орталықта Павлодар өңірінің қолдауымен Үстел теннисі орталығы, Ақтөбе облысының тартуы ретінде Жекпе-жек сарайы соғылуда. Батыс Қазақстан облысы да бірлескен спорт кешенін тұрғызып жатыр. Сондай-ақ, «KAZ Minerals», «Самұрық-Қазына», «Қазақстан темір жолы» сияқты ірі компаниялар да елдік іске өз үлестерін қосуда. Семейде іргесі қаланған бұл жаңа инклюзивті спорт кешені – тек құрылыс нысаны емес, мейірім мен теңдіктің, жігер мен рухтың алтын діңгегіне айналары сөзсіз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button