Басты жаңалық

Қолжетімді қызмет, артқан төлем

Әлеуметтік мемлекет құрудың басты көрсеткіштерінің бірі – халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін қолдау деңгейі. Соңғы жылдары Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытында бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, рәсімдерді жеңілдету және әлеуметтік төлемдерді кезең-кезеңімен арттыру осы саясаттың нақты көрінісіне айналды.

Бүгінде мүгедектігі бар азаматтар бұрынғыдай көптеген құжат жинап, әртүрлі мекемелерге баруға міндетті емес. Мемлекет көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттырып, азаматтардың уақытын үнемдеуге басымдық беруде.

Осы бағыттағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – 2022 жылдан бастап енгізілген мүгедектікті тағайындаудың сырттай проактивті форматы. Аталған жүйе азаматтарға медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелеріне бармай-ақ қажетті рәсімдерден өтуге мүмкіндік береді.

Цифрлық форматтың арқасында қызмет алу процесі едәуір жеңілдеп, ашықтық пен тиімділік артты. Қазіргі таңда медициналық куәландырулардың 45 пайыздан астамы онлайн форматта жүргізіледі. Бұл әсіресе денсаулығына байланысты қозғалысы шектеулі азаматтар үшін үлкен қолдау болып отыр.

Әлеуметтік қорғау саласындағы тағы бір маңызды жаңалық – мемлекеттік жәрдемақылар көлемінің ұлғаюы. Биыл мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 10 пайызға артты.

Жаңартылған төлем мөлшеріне сәйкес:

▫️ І топтағы мүгедектігі бар азаматтар үшін жәрдемақы көлемі 200 мың теңгеге дейін;

▫️ ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар үшін 154 мың теңгеге дейін;

▫️ ІІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар үшін 117 мың теңгеге дейін өсті.

Мамандардың пікірінше, төлемдердің ұлғаюы азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, күнделікті тұрмыстық шығындарын өтеуге және өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары мемлекет әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіруге ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тек жәрдемақы көлемін арттырумен шектелмейді. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасын жақсарту, цифрлық шешімдерді енгізу және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері де назарда.

Әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – әр азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету. Сондықтан мүгедектігі бар жандарды қолдауға бағытталған шаралар алдағы уақытта да жалғасып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына қолайлы жағдай жасауға басымдық беріледі.

Жәрдемақы көлемінің артуы мен мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы – әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Бұл өзгерістер мемлекет қамқорлығының нақты нәтижесін көрсетіп, мыңдаған азаматтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етпек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button