Мемлекет басшысы спортпен белсенді айналысатынын айтты

«Turkistan» газетіне берген сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жеке өмір салты мен денсаулыққа мән беруі туралы айтты.
Президент күн сайын йогамен айналысатынын, сондай-ақ аптасына екі рет үстел теннисін ойнайтынын жеткізді. Оның айтуынша, тұрақты қозғалыс пен спорт салмақ тастауға және өзін сергек сезінуге көмектескен.
Сұхбат барысында Мемлекет басшысы ТМД елдері көшбасшыларының да спортқа жақын екенін атап өтті. Атап айтқанда, Владимир Путин дзюдомен айналысады, Ильхам Алиев тұрақты жаттығу жасайды, Садыр Жапаров футбол ойнайды. Шавкат Мирзиёев спорт залында шынықса, Никол Пашинян велосипед тебеді. Ал Александр Лукашенко хоккеймен шұғылданады, Эмомали Рахмон да жақсы физикалық формада.
Сонымен қатар Президент елдегі өзекті мәселелерді жасырмай айтып, қоғаммен ашық диалог жүргізудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның әлеуетін арттыру үшін жүйелі жұмыс жалғаса береді.
Айта кетейік, сұхбат «Turkistan» газетінің бүгінгі санында жарық көрді.



