Абай облысында бюджет қаржысы жымқырылды

Абай облысында агроөнеркәсіп саласын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаражатты жымқыру дерегі әшкереленді. Қаржы мониторингі агенттігінің өңірлік департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізген тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Ресми мәліметке сәйкес, «Агробизнес» жобасы фермерлік шаруашылықтарды дамытуға, соның ішінде мал шаруашылығын ілгерілету үшін жеңілдетілген несиелер беруді көздейді. Алайда «Ыкыбай» шаруа қожалығының басшысы осы мүмкіндікті заңсыз пайдаланған.
Тергеу барысында күдіктінің жалған құжаттар арқылы ірі қара мал сатып алуға арналған жалпы сомасы 250 млн теңгеден асатын екі несие алғаны анықталған. Бірақ бөлінген қаражат мақсатты түрде игерілмей, жеке қажеттіліктерге жұмсалған. Құжат жүзінде көрсетілген мал да, кепілге қойылған мүлік те іс жүзінде болмаған.
Мемлекетке келтірілген залал 211 млн теңгені құрады. Тергеу кезінде күдікті бұл шығынды толық көлемде өтегені хабарланды.
Қазіргі таңда оған қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық сақтау туралы бұлтартпау шарасы таңдалып, іс сот қарауына берілген. Өзге ақпараттар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай құқықбұзушылықтар агроөнеркәсіп кешеніне бөлінетін мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне күмән туғызады. Сонымен қатар адал кәсіпкерлер үшін қаржыға қол жеткізуді қиындатып, саланың дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін.



