Басты жаңалық

Шарлық SUPER жанұя

Абай облысында өткен жастар форумында «Үздік жас отбасы» номинациясының иегері атанған Енсеновтар жанұясы көпшілік назарын бірлігімен, тәрбиелік ұстанымымен және шынайы өмір салтымен өзіне аударды. Жарма ауданы, Шар қаласында тұратын отбасы @superzhandar блогы арқылы да халыққа жақсы таныс. Блогта жасандылықсыз, қарапайым өмір көріністерін ұсынатын жанұя оқырмандар тарапынан жылы қабылданып келеді.

Отағасы Медет Қайратұлы – жеке кәсіпкер, «Оразбай» шаруа қожалығының басшысы. Жұбайы Ажар Жұмажанқызы – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Балалары Зере, Ералы, Әмір және Әзім отбасының шаттығы мен тірегі. Енсеновтардың ұстанатын басты қағидасы да қарапайым: «Бәрі бірлікте. Бірге істесек – бәрі жақсы болады». Бұл ұран отбасының ішкі тәртібін ғана емес, өмірге деген көзқарасын танытады.

Олардың ұрпаққа сіңіргісі келетін үш негізгі құндылығы да осы ұстаныммен үндес: адамгершілік, қарапайымдылық және ауызбіршілік. Бұл қасиеттерді сөзбен емес, іс-әрекетпен көрсету – отбасының басты талабы.

Блог жүргізуді бастағанда еш қиындық туған жоқ екенін жасырмады. Керісінше, оқырмандардың «сіздер бізге үлгісіздер» деген жылы пікірі жігер беріп, отбасының алдыға қарай сенімді қадам басуына ықпал еткен. Осы жолда ата-аналары мен жақындарының қолдауы да үлкен рөл ойнаған. Медет пен Ажардың айтуынша, жақындары әрдайым демеп, бағыт-бағдар беріп, олардың тек өсіп, өркендеуін тілейді. Мұндай қолдау – отбасылық тұрақтылықтың берік негіздерінің бірі.

Үй ішінде мәселе туындаса, оны бірінші болып шешуге тырысатын — отағасы Медет. Ол отбасының тыныштығына зиян келтірмей, көп дүниені білдіртпей реттеуге тырысатынын айтты. Бұл – отбасындағы жауапкершіліктің нақты көрінісі.

Енсеновтар жанұясының «Үздік жас отбасы» атануы кездейсоқ емес. Олар көпбалалы бола тұра жұмыс, тәрбие, тұрмыс және блог жүргізуді үйлестіріп, өзгеге үлгі боларлық өмір салтын қалыптастырған. Бірлікке құрылған үйлесім, қарапайымдылық пен шынайылық – олардың басты күші.

Олардың жеңісі – отбасындағы мықты байланыс пен берекенің, еңбек пен тәрбиенің, шынайылық пен бауырмалдықтың жеңісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button