«Қалаға сабылмаймыз»: Тұрғындарға заманауи медицина қолжетімді болды

Бүгін өңір басшысы Берік Уәли Аягөз аудандық көпсалалы орталық ауруханасына арнайы барып, жаңадан салынған магниттік-резонанстық томография (МРТ) бөлімінің жұмысымен жан-жақты танысты. Өңір тұрғындары үшін аса маңызды бұл әлеуметтік нысан ауылдық жерлерде сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін жаңа сатыға көтеріп отыр.
Аймақ басшысына соңғы үлгідегі заманауи МРТ аппаратын орналастыруға арналған жапсарлас ғимарат пен жаңа медициналық құрылғы толық таныстырылды. Маңызды жоба арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен толықтай жүзеге асырылды. Қазіргі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға беру актісін ресімдеу рәсімдері жүргізіліп жатыр.

МРТ бөлімі толық іске қосылғаннан кейін аймақ тұрғындары үшін шешілмеген бірқатар өзекті мәселе өз шешімін табады. Аягөз ауданының тұрғындары енді облыс орталығына сабылмай-ақ, өз жерінде жоғары технологиялық диагностикалық тексеруден өте алады. Сонымен қатар бұл қызмет көршілес Үржар, Мақаншы және Ақсуат аудандарының, сондай-ақ еліміздің өзге де өңірлерінен келетін пациенттерге қолжетімді болмақ. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тек Аягөз ауданының өзінде жыл сайын 1500-ге жуық адам МРТ зерттеуіне мұқтаж болады.
«Мұндай бөлім облыстағы аудандардың ішінде алғаш рет Аягөз ауданында ашылып отыр. Мамыр айынан бері 70-тен астам адам МРТ-ға түскен екен. Енді бірнеше ауданның халқы қалаға бармай-ақ осы жерге келетін болады. Ең бастысы, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілуі керек», – деп атап өтті облыс әкімі Берік Уәли.
Аурухана ұжымы мен тәжірибелі дәрігерлер өңірдегі денсаулық сақтау саласының қарқынды дамып жатқанына шексіз ризашылықтарын білдірді. Жарты ғасырға жуық ғұмырын осы салаға арнаған орталықтың білікті маман-дәрігері өз жүрекжарды лебізін жеткізді.

«Мен осы ауруханадағы жасы ең үлкен дәрігермін. Еңбек өтілім – қырық алты жыл. Біз еңбек ете бастаған кез бен қазіргі аурухананың айырмасы жер мен көктей. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, қазір инсульт желісі, кардиологиялық орталық, әйелдерге қызмет көрсету бөлімі, сондай-ақ былтыр 10 орындық реанимация бөлімі ашылды. Енді міне, МРТ бөлімі іске қосылып отыр. Аудандық аурухана үшін бұл – теңдессіз жетістік. Осының барлығы көңілге қуаныш ұялатады», – дейді Аягөз аудандық ауруханасының сарапшы-дәрігері Роза Маңғызбаева.
Айта кетейік, былтыр «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Аягөз аудандық ауруханасының жанынан 10 төсектік жаңа реанимация бөлімі ашылған болатын. Өңірдегі медициналық инфрақұрылымды дамыту және халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған осындай ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.



