Қазақстан мұнай өңдеу қуатын екі есеге арттырмақ

Қазақстан мұнай өңдеу қуатын екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен CERAWeek халықаралық энергетикалық конференциясында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, еліміз жаһандық нарықта сенімді энергия жеткізуші ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Осы бағытта энергетикалық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмайды. Атап айтқанда, Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдаудың тұрақтылығы ұлттық экономика үшін маңызды екені айтылды.
Сонымен қатар Қазақстан экспорт бағыттарын әртараптандыру саясатын жүйелі түрде жүзеге асыруда. Оның ішінде Қытай бағытына жеткізу маршруттарын дамыту қарастырылған. Дегенмен КҚК экономикалық тұрғыдан тиімді әрі негізгі тасымал арнасы ретінде басымдыққа ие болып қала береді.
Жиында мұнай-химия саласын дамытуға арналған стратегиялық жоспарлар да таныстырылды. Министрдің сөзінше, мұнай өңдеу қуатын арттыру ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның Орталық Азиядағы мұнай өнімдерін жеткізуші ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.



