Журналистерге жаңа баспана

Журналист – қоғамның үнін жеткізіп, уақыттың шежіресін жазатын маман. Сондықтан олардың еңбегін бағалау тек марапатпен ғана емес, әлеуметтік қолдау көрсету арқылы да көрініс табуы маңызды. Абай облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты шарада осы бағыттағы маңызды бастама жүзеге асып, жергілікті БАҚ өкілдеріне жаңа баспананың кілті табысталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді марапаттау рәсімінде аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Президент тапсырмасына сәйкес биыл алғаш рет өңірлерде еңбек етіп жүрген журналистерге тұрғын үй беру бастамасы қолға алынды.

Президент жүктеген міндет Абай облысында нақты іске асты. Салтанатты жиында облыс әкімі Берік Уәли «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Абай облыстық филиалының жаңалықтар бөлімінің редакторы Ерзат Жанатұлы мен Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің директоры Жадыра Мұратбековаға жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Екі журналист те өңірлік ақпарат кеңістігінің дамуына ұзақ жылдар бойы үлес қосып келеді. Ерзат Жанатұлы еңбек жолында жергілікті «ТВК-6» телеарнасында, облыстық «Семей таңы» газетінде, 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметінде жұмыс істесе, бүгінде «Semei» телеарнасында қызмет атқарады. Ал Жадыра Мұратбекова бұған дейін «ТВК-6» телеарнасы мен «Astana aqshamy» газетінде еңбек етіп, 2023 жылдан бері Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде жұмыс істейді. 2024 жылдың мамыр айынан бастап мекемеге жетекшілік етіп келеді.

Шара барысында аймақ басшысы Президенттің өңір журналистеріне көрсеткен қолдауының маңызын атап өтіп, журналистиканың қоғам мен билік арасындағы сенімді байланысты қалыптастыратын маңызды институт екенін айтты. Сонымен қатар журналистердің ел өміріндегі маңызды оқиғаларды халыққа жедел әрі шынайы жеткізіп, қоғамдық пікірдің қалыптасуына, ұлттық құндылықтардың дәріптелуіне қосып жүрген үлесіне жоғары баға берді.
Мерекелік жиында Президент Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған «Абай» республикалық әдеби-көркем журналының директоры Райхан Шарапиева да құттықталды.

Сондай-ақ өңірдің ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар БАҚ қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар мен ведомстволық марапаттар табысталды. «Ерен еңбегі үшін» медалі «ISLAM NURY» газетінің бас редакторы Дәулетқан Тілеубердиевке және «ABAY MEDIA GROUP» ЖШС-нің оператор-фотографы Анатолий Терновқа берілді. Журналистика саласының ардагері Дәметкен Байуақова «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, ал Ильмира Бекмұхаметова, Зухра Бейсенбек және Әйгерім Сәрсенқалиқызы «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен бірге бірқатар журналистерге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді.
Баспана кілтін табыстау – журналистердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама өңірдегі ақпарат саласы қызметкерлерінің еңбегіне берілген нақты қолдау ғана емес, кәсіби журналистиканың қоғамдағы орнына көрсетілген жоғары құрметтің айқын көрінісі болды.



