Басты жаңалық

Жаңа спорт кешені – Бобровкада

Семейдегі Бобровка кентінде жаңа спорт нысаны ел игілігіне берілді.

Семей қаласындағы Бобровка кенті үшін маңызды күн. Мұнда тұрғындар көптен күткен заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені есігін айқара ашты. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Аймақ басшысы бүгінгі таңда Абай облысында Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында бұқаралық спортты дамыту, олимпиадалық спорт түрлерін қолдау және жоғары жетістіктер спортының әлеуетін арттыру жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл жаңа спорт нысандарын салу, қолданыстағы кешендерді жаңғырту және халықтың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасау – өңірдегі негізгі басымдықтардың бірі.

Берік Уәли өткен жылы Бобровка мен Водный кенттерінде екі спорт кешенінің құрылысына бастау берілгенін еске салып, бүгінде сол жобалардың нәтижесі ел игілігіне ұсынылып жатқанын айтты. Сонымен қатар Мирный кентінде де осындай спорт нысанының құрылысы жүріп жатқанын жеткізді.

Off-take келісімі аясында салынған екі қабатты кешеннің жалпы ауданы 1200 шаршы метрді құрайды. Нысан бір мезетте 70 адамды қабылдай алады. Бірінші қабатта волейбол, баскетбол және футзалға арналған әмбебап спорт залы орналасса, екінші қабатта қазақша күрес, дзюдо, еркін және грек-рим күресіне арналған арнайы залдар жабдықталған. Бұл кешен тұрғындардың жыл он екі ай тұрақты түрде спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.

Өңірде спорт саласын дамыту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Қазіргі уақытта Абай облысында 20 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл басында Семей қаласының Водный кентінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, Ақсуат ауданындағы Екпін және Ойшілік ауылдарында спорт модульдері ашылды. Сондай-ақ Бесқарағай, Жарма аудандары мен Курчатов қаласында жүзу бассейндері, ал Аягөз, Үржар, Абай және Көкпекті аудандарында жаңа спорт модульдері бой көтеріп жатыр.

Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында да өңірде ауқымды спорт нысандары салынуда. Қазіргі таңда Ақтөбе облысының қолдауымен Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды. «KAZ Minerals» компаниялар тобы Семейдің жаңа шағын ауданында заманауи стадион тұрғызса, «Самұрық-Қазына» қоры қаланың оң жағалауында және Ұшақтар кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салып жатыр. Бұдан бөлек, Павлодар облысы Семейде үстел теннисі орталығын, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Аягөзде спорт кешенін, ал «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Семейде Инклюзивті спорт орталығы мен Үржар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды қолға алған.

Бобровкадағы жаңа спорт кешені – тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап қана қоймай, өңірдегі спорт инфрақұрылымын жүйелі дамыту бағытындағы жұмыстардың тағы бір нақты нәтижесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button