Өнерін өмірімен ұштастырған тұғырлы тұлға

Әрбір өңірдің өсіп-өркендеуі мен рухани баюына өлшеусіз үлес қосатын дара тұлғалары болады. Ауыл мәдениетін көтеріп, ұлттық өнердің отын жаққан сондай ардақты азаматтардың бірі – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Мақсұтхан Диқанбаев.
Оның бойындағы тума дарынның тамыры тереңде жатыр. Әкесі Диқанбай Қытайда жүргенде әсем ән төккен әнші, сазгер әрі суырыпсалма ақын болған. Ол қазақтың дүлділі Әсет Найманбайұлының жанында жүріп, өнер мектебінен тәлім алған, оның әндерін, Ауған ақынмен айтысқан дастан-жырларын жадына тоқып өскен. Ес білгеннен осы асыл сөз бен сұлу сазды көкірегіне тоқып өскен
Мақсұтхан атамыз: «Әкем Әсеттің әндерін де, ақындығын да керемет дәріптеуші еді. Сондықтан Әсет әндері мен жырлары жадымда мәңгілік сақталып қалды», – деп еске алады.
Әке қанымен, ана сүтімен дарыған бұл қасиет оның да бойында ерте бүр жарады. Ол 1950–1960 жылдары домбырада шебер ойнап, ән салса, кейін 12–13 жасында гитараны өзі үйреніп, қос аспаптың сүйемелдеуімен халық әндерін нақышына келтіре орындайтын.
1962 жылдың сәуір айында Мақсұтхан атамыздың отбасы атамекенге оралып, Мынбұлақ совхозы, Қарабұлақ фермасына қоныстанады. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, 1968 жылы Мынбұлақ ауылында клуб меңгерушісі Бейісхан Бекбаевтың ұйымдастыруымен және Мақсұтханның бастамасымен «Ауылым» атты инструментальды ансамбль құрылады. 1971 жылы он жылдық орта мектепті аяқтап, 1972–1974 жылдары Совет армиясы қатарында азаматтық борышын абыроймен өтейді. Әскерден оралған соң, 1976 жылы жаңадан құрылған XXV партсъезд атындағы совхозда еңбек етеді. Сол кездегі совхоз директоры, іскер басшы Боранғазы Мустафин мен партия хатшысы Құрман Әбішов жас өнерпаздың бойындағы табиғи талантын танып, 1977 жылы оны ауылдық клубқа меңгерушілік қызметке шақырады. Совхоз басшылығы өнерлі жастарға жан-жақты жағдай жасап, пәтермен де қамтамасыз етті.
Өнерге деген адалдығын сөз еткенде Мақсұтхан аға: «Ән айту үшін нәзік жан дүниеңді сезіне білетін жүрегің болу керек. Мен өнерде әнші болмасам да, өнерді қадір тұтатын, бағалай білетін жанмын», – деді.
Мәдениет саласында он жыл бойы табанды қызмет еткен ол, сонымен қатар совхоздың кәсіподақ комитетінің төрағасы, директордың орынбасары сияқты жауапты міндеттерді де қатар атқарып, елдің қоғамдық-шаруашылық тынысынан тыс қалмай, төрт мезгілдегі жұмыстарға белсене араласты.
Бейісхан Бекбаев, Нұрғазы Абжанов сияқты дарынды жастарды жан-жағына жинап, ұмытыла бастаған көне халық әндерін өңдеп, үш дауыста айтуды жолға қойды. Сазсырнай, шаңқобыз, сырнай сияқты аспаптарды қолдан жасап, «Ауылдың алты ауызы» (кейін «Шашбаулым» фольклорлық-этнографиялық ансамблі) атты белгілі ұжымның құрылуына ұйытқы болды. Бұл ұжым жемісті еңбегінің арқасында 1982 жылы Алматыда өткен Республикалық халық шығармашылығы фестивалінде жеңімпаз атанып, «Халықтық ансамбль» құрметті атағын иеленді. 1984 жылы Ақшәулі өнерпаздары Алматыдағы Республика сарайында өнер көрсетіп, бұл концерт орталық телевидениеден таратылды. Мақсұтхан атамыз 1982–1992 жылдар аралығында өзінің орындаушылық шеберлігін республикалық деңгейде мойындатып, елге танымал «Тамаша» ойын-сауық отауының бағдарламаларына қатысты, үлкен сахналарда өнер көрсетті.
Оның репертуарында Нұрғиса Тілендиевтің «Асыл әже», Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың», Қажытай Ілиясовтың «Сағыныш», Мәди Артығалиевтің «Шәмшіге арнау», Райымбек Құрмановтың «Жан аға», «Көктебе» әндері, сондай-ақ Ақан сері, Біржан сал, Естай және әкесінен дарыған Әсет Найманбайұлының туындылары ерекше орын алды. Қазақ саз өнерінде гитараны сүйемелдеп ән айту сирек кездесетін шақта, оның бұл орындау мәнері тыңдарманның жүрегін баурап алатын. Оның даусының кеңдігі мен орындаушылық ерекшелігіне тіпті мәскеулік әнші Григорий Беловтың өзі сүйсініп, жоғары баға берген.
Осындай ерен еңбегі мен ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін 2000 жылдары оған «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағы берілді. Өнер иесінің өзі:
«Бүгінгі күнге дейін өнерімді өміріммен ұштастырып келе жатқан жайым бар», – деп атап өтті.
Шындығында да, өзінің саналы ғұмырын өнермен ұштастырып, кейінгі ұрпаққа өнеге болып келе жатқан Мақсұтхан Диқанбаевтың артына қалдырған рухани мұрасы – Аягөз өңірі мен Ақшәулі ауылының тарихында алтын әріппен жазылып қала береді.



