Басты жаңалық

Азаматтық тізімдегі асыл есім

Қазақстанда «Құрылтай» атын иеленген қанша адам бар?

Тарихтың тереңінен тамыр тартып, бабалардың ұлы жиыны мен елдік пен бірліктің символына айналған «Құрылтай» сөзі – ұлттық болмысымыздағы ең салмақты ұғымдардың бірі. Алайда, ерекше мәнге ие бұл сөздің бүгінде адам есімі ретінде сирек кездесетінін біреу білсе, біреу білмес. Мұндай салмақты да сирек есімді арқалап жүрген отандастарымыздың саны тұтас республика бойынша саусақпен санап аларлықтай ғана.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда «Құрылтай», «Курылтай», «Курултай» және «Курлтай» атын иеленген бар болғаны 10 азамат тіркелген. Ел ішінде өте сирек кездесетін бұл есімнің графикалық жазылу нұсқалары әртүрлі болғанымен, түпкі мағынасы мен салмағы бірдей.

Деректерге тереңірек үңілсек, қызықты статистикалық көрініс ашылады:

  •  Жыныстық құрамы: Атаулы 10 азаматтың 6-уы – ер адам болса, 4-еуі – әйел заты.
  •  Географиялық орналасуы: «Құрылтай» есімді тұрғындардың ең көп бөлігі Шығыс Қазақстан облысына тиесілі – онда 4 адам тұрады. Алматы қаласында 2 тұрғын тіркелген. Ал Абай, Жамбыл, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының әрқайсысында бір-бір «Құрылтайдан» бар.
  •  Жас ерекшеліктері мен буын сабақтастығы: Бұл сирек есімді алып жүргендердің тең жартысы, яғни 5 адам – 65 жастан асқан аға буын өкілдері. Тіпті араларындағы ең үлкені биыл 80 жасқа толған ақсақал. Қалған төрт азамат 30–34, 50–54, 55–59 және 60–64 жас аралығындағы топтарға бөлінген. Мұны Тәуелсіздікке дейінгі және одан кейінгі кезеңдегі есім беру дәстүрінің белгісі деуге де болады.

Қазақ халқы азан шақырып ат қойғанда баланың болашағына, оның есімінің мағынасына аса зор жауапкершілікпен қараған. Елдің басын қосқан алқалы жиындардың, тарихи бетбұрыстардың немесе үлкен мерекелердің құрметіне қойылған «Құрылтай» есімі – ұлттық таным мен тарихи зерденің айшықты көрінісі. Осылайша, еліміздегі санаулы ғана «Құрылтайлар» өздерінің сирек есімімен-ақ тарих пен бүгінгі күннің арасындағы алтын көпірді сақтап келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button