Облыс әкімі Аягөздегі білім беру нысандарында болды

Абай облысы әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан орталығындағы бірқатар білім беру нысандарының жұмысымен танысты.
Алдымен аймақ басшысы былтыр жеке инвесторлардың қаражаты есебінен салынған «Асыл Ана» балабақшасына барды. 100 орындық мектепке дейінгі мекеме төрт топтан тұрады. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 652,2 шаршы метр.
Балабақшада тәрбиелеу және оқыту жұмыстары заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта мұнда 20 қызметкер еңбек етеді. Балалардың шығармашылық және физикалық қабілеттерін дамыту мақсатында хореография және каратэ үйірмелері жұмыс істейді.

Тәрбиеленушілерге барлық қажетті жағдай жасалған. Балалар күніне бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіліп, білім беру мен дамытуға арналған материалдық база толық қарастырылған.
Облыс әкімі балабақша ғимаратын аралап көріп, тәрбиешілермен пікір алмасты. Ол мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының заман талабына сай болуы маңызды екенін атап өтті.
Сапар барысында аймақ басшысы Кешірім Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясының жұмысымен де танысты.
1938 жылы ашылған білім ордасының жобалық қуаты – 398 оқушы. Қазіргі таңда мектепте 68 мұғалім еңбек етеді, 663 оқушы білім алады. Оқушылар математикалық-жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша білім алса, гимназия сыныптарында қоғамдық-гуманитарлық бағыт тереңдетіліп оқытылады.

Өткен жылы мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық база жаңартылды. Биология, химия, физика, информатика және STEM кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Мектеп директоры облыс әкіміне білім ордасының жанынан қосымша ғимарат салу қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мектепте орын тапшылығы байқалады.
Аймақ басшысы оқу кабинеттерін, кітапхана мен музейді аралап, педагогтармен пікір алмасты. Ол ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
— Күрделі жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілген. Жаңа кабинеттер мен заманауи жабдықтар оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Қосымша ғимарат салу мәселесін қарастырамыз, — деді Берік Уәли.
Өткен жылы Абай облысында 12 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге 2,9 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 9 мектеп толық реновациядан өтіп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, облыстың 75 мектебіне 131 оқу кабинеті сатып алынды.

Бұдан бөлек, ауылдық жерлерде қосымша білім беруді дамыту мақсатында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 36 мектеп 58 кабинетпен, ал 4 балалар шығармашылық орталығы 500 млн теңгеге техникалық-ғылыми және STEM бағытындағы жаңа кабинеттермен жабдықталды.



