Өңірлер өрісін тоғыстырған «Абайға құрмет»
Батыс Қазақстанның Семейге жасаған сыйы ел игілігіне берілді

Арқа мен шығыс өңірлерінің сабақтастығын айшықтайтын Семей шаһарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған «Абайға құрмет» жобасы аясында кезекті әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Өңіраралық серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде Батыс Қазақстан облысының тартуымен салынған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені есігін айқара ашты. Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев бастаған арнайы делегация қатысты.

«Бүгін баршамыз облысымыз үшін тарихи сәттің куәсі болғалы отырмыз. Батыс Қазақстан облысының өңірімізге сыйлығы – Абай облысымен бірлесе жүзеге асырған жобасы дене шынықтыру сауықтыру кешенін салтанатты түрде ашқалы тұрмыз. Ерекше атап өтерлігі, бұл – акция аясында пайдалануға беріліп отырған екінші нысан. Жуықта, 10 тамызда – ұлы ақынның туған күнінде Бейбітшілік аралында акция аясындағы алғашқы нысан Солтүстік Қазақстан облысының тартуы – Рәміздер алаңын салтанатты түрде ашқан болатынбыз. Міне, айналасы он күннің ішінде екі бірдей жаңа нысанды ел игілігіне ұсынып отырмыз. Күллі Абай өңірінің тұрғындарын бүгінгі қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын», – деді облыс басшысы Берік Уәли.
Пайдалануға берілген спорт ғимараты халықаралық стандарт талаптарына толық сәйкес келеді. Жалпы аумағы 1773 шаршы метрді құрайтын екі қабатты қос корпуста бір уақытта 115 адам шұғылдана алады. Алғашқы блокта командалық спорт түрлеріне арналған кең залдар жабдықталса, екінші корпуста жекпе-жек, үстел теннисі және жаттығу залдары орналасқан. Кешен аумағында баскетбол және ашық воркаут алаңдары да қарастырылған. Мұндай инфрақұрылым тұрғындардың, әсіресе жастардың спортпен тұрақты айналысуына кең жол ашады.

Семей қаласын кешенді дамытуға бағытталған бұл қозғалыс мұнымен шектелмейді. «Абайға құрмет» бастамасы шеңберінде еліміздің өзге өңірлері мен ірі өндіріс орындары да бірқатар маңызды жобаларды қолға алды. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Достық үйі, Шығармашылық орталығы, Медиаорталық пен Үстел теннисі орталығы салынып жатса, Ертістің сол жағалауында Жекпе-жек сарайының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ алдағы уақытта Көрме орталығы, «Анаға тағзым» ғимараты, Руханият орталығы және 1500 орындық заманауи мектеп бой көтермек. Бұған қоса, «KAZ Minerals», «Самұрық-Қазына» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары стадиондар, Болашақ сарайы мен инклюзивті орталықтардың құрылысын қарқынды жүргізуде.
Айналасы он күннің ішінде есігін айқара ашқан бұл кешен — «Абайға құрмет» ауқымды акциясы аясында ел игілігіне тапсырылған екінші тарихи нысан. Ақын мерейін өңірлердің шынайы ынтымағымен асырған бұл жасампаз қадам Семейдің инфрақұрылымдық келбетін жаңа сапаға көтеріп, елдік бірлік пен дамудың мызғымас темірқазығына айналды.



