Бозталда су басу тіркелмеді

Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті Бозтал елді мекеніндегі жағдайға қатысты ресми мәлімет ұсынды. Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта ауылда ахуал тұрақты, тұрғын үйлерді су басу деректері тіркелмеген.
Әлеуметтік желілерде тараған тұрғындарды мектеп ғимаратына жаппай эвакуациялау туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Эвакуациялық пункт тек алдын алу шарасы ретінде дайындалған, алайда қазіргі уақытта онда ешкім орналастырылмаған. Тұрғындар өз үйлерінде.
Қазіргі таңда ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен еріген қар суларын бұру бағытында инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Бұл іске қажетті техника мен жеке құрам толық көлемде жұмылдырылған.
Мамандардың мәліметінше, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Сонымен қатар, көлік қатынасы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Жедел әрекет ету мақсатында өңірде 69 адам мен 18 бірлік техника тартылған.
Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып, жалған ақпарат таратқаны үшін заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.



