Басты жаңалық

Абай тағылымы – елдік пен бірліктің өзегі

Семейде ұлы ақынның туған күні кең көлемде аталып өтуде

Бүгін – халықтың рухани темірқазығы, ұлы ойшыл әрі ақын Абай Құнанбайұлының туған күні! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдан бері 10 тамыз елімізде «Абай күні» ретінде ресми белгіленіп, жыл сайын зор сән-салтанатпен аталып өтіп келеді. Бұл дата – жай ғана мерекелік сәт емес, хәкімнің бай мұрасы мен даналығын қайта зерделеп, ұлттық сананы жаңғыртатын айтулы оқиға. Осы айтулы датаға орай ұлылар мекені – Абай облысында 200-ге жуық мазмұнды іс-шара жоспарланып, өңірде мерекелік думан өз арнасын тапты.

Сондай салтанатты шаралардың бірі Президенттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында өтті. Акция шеңберінде Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының Абай еліне арнайы тартуы – еңселі Рәміздер алаңы салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл қадам өңірлер арасындағы бауырластық пен сабақтастықтың, ұлттық рухты асқақтатудың айқын көрінісіне айналды.

Мерекелік күн аясында облыс әкімі Берік Уәли мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов бастаған делегация Семейдегі Абай музейінің алдында орналасқан «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішіне арнайы барып, гүл шоқтарын қойды және ұлы ақын рухына тағзым етті. Жиналған қауым Абай мұрасының мәңгілік екенін, оның «Толық адам» ілімі мен қара сөздеріндегі терең философияның бүгінгі қоғам үшін де шамшырақ болып қала беретінін тағы бір мәрте атап өтті. Ұлы ақынды ұлықтауға арналған мәдени-ағартушылық іс-шаралар тізбегі бұдан әрі де кең көлемде жалғасын таппақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button