Басты жаңалық

Ұлылыққа тағзым: Елордадағы ұмытылмас күн

Сарыарқаның самал желімен астасқан хакім Абайдың сөзі мен әуені Астана аспанында қайта жаңғырды! Елорда төріндегі «Амфитеатр» сахнасы бұл кеште жай ғана өнер алаңы емес, ұлттық болмыс пен ұрпақтар сабақтастығы тоғысқан, сөз өнерінің құдіреті салтанат құрған заңғар рухани кеңістікке айналды.

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйытқы болуымен 2026 жылғы 10 тамызда өткен «Сарыарқадан соққан жел – Абай лебі» атты әдеби-сазды кеш ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 181 жылдық мерейтойына арналды. Бұл жиын бұрыннан қалыптасқан енжар форматты бұзып, көрерменнің өзін өнердің қайнаған ортасына тарта білген соны ізденісімен ерекшеленді.
Елорда жұртшылығы мен қала қонақтары кештің алғашқы минуттарынан-ақ ұлттық өнердің таза бұлағынан сусындады. Абайдың жастық шағының куәсі болған асық ату мен тоғызқұмалақтан тартысты бәсекелер өтіп, озық шыққандар лайықты марапатқа ие болды. «Абайтану» ашық микрофонында сөз саралаған жастар ақын өлеңдерін жатқа жаудырса, қылқалам шеберлері көрермен көз алдында дана ойшылдың бейнесін кенеп бетіне бедерлеп жатты.

Кештің беташары ретінде «Жастар» театры ұсынған «Абай үні – ұрпақ үні» театрландырылған қойылымы көрерменге ерекше тебіреніс сыйлады. Салтанатты жиында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, белгілі жазушы, журналист Мереке Құлкенов мен Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Абай мұрасының ұлт руханиятындағы шоқтығы биік орнын айтып, оның тағылымын келешекке аманаттаудың маңызын тереңнен толғады.
Музыкалық бағдарлама дәстүрлі өнер мен қазіргі көркемдік үлгінің ғажап үндестігін танытты. Абай елінен арнайы атбасын бұрған Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның дәстүрлі әншілері «Айттым сәлем, Қаламқас» пен «Көзімнің қарасын» әуелеткенде, «Серпер» тобы екпінді күй тартысымен тыңдарманды баурады. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаровтың орындауы кештің көркін арттыра түсті.

Алайда бұл кештің ең жарқын сәті, бүкіл жиынға жан бітірген басты драйвері – «Ұмытылмас күн» бірлестігінің ұсынған соны серпіні болды!
Сахна мен көрермен арасындағы шекараны бұзған бұл ұжым поэзиялық дуэльді тікелей халықтың ортасында өрбітті. Жанды аспаптардың әуезді сүйемелдеуімен өткен интерактивті марафонға Нұра ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» ардагерлері мен қала жастары бірдей белсене қатысып, Абайдың лирикалық туындыларын асқан тебіреніспен оқыды. Оған қоса, «Ұмытылмас күн» шығармашылық ұжымы ақынның лирикалық әндерін жаңа вокалдық-аспаптық форматта құбылтып, классикалық шығармаларға заманауи ырғақ пен ерекше тыныс берді.

Мәдени кештің түйінінде өнерпаздар мен жиналған қауым жанды аспаптардың сүйемелдеуімен Абайдың «Бойы бұлғаң» әнін бірге шырқады. Сөз бен саз үндесқан бұл салтанатты жиын елорда жұртшылығының көкейіне өшпес әсер қалдырып, ұлы ақын шығармашылығының өміршеңдігін тағы бір мәрте айшықтады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button