Бапкерлерге басымдық, спортшыға құрмет
Абай облысы дене шынықтыру майталмандарын ұлықтады

Салауатты өмір салтын қалыптастырып, ел намысын халықаралық аренада асқақтатып жүрген спорт саласы өкілдеріне Абай облысында айрықша құрмет көрсетілді. Кәсіби мереке – Спорт күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиында өңір басшысы Берік Уәли аймақтың спорт инфрақұрылымын дамытуға, дарынды спортшыларды баптауға және бұқаралық спортты өрістетуге үлес қосып жүрген жаттықтырушылар мен сала ардагерлерін құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде бұқаралық спортты дамытудың басты мақсаты – тек медальдар мен жоғары жетістіктер емес, ең алдымен, ұлт саулығын нығайтып, салауатты да тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру екенін айрықша атап өтті.
Салтанатты жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту мен заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларына назар аударған Абай облысының әкімі Берік Уәли спорт мамандарының игі еңбегіне жоғары баға берді:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлттың жаны – таза, санасы – сау болуға тиіс. Спортшылар, ең алдымен, спортпен шұғылдануы керек» – деп айрықша атап өткен болатын. Президент өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға айрықша мән беріп келеді. Спорттағы жеңіс бір күнде келмейтінін жақсы білеміз. Оның артында жылдар бойғы жаттығу, тәртіп, еңбек және табандылық жатыр. Дана халқымыз: «Шын ер жеңсе тасымас, жеңілсе жасымас» дейді. Расында, бұл сөз – спортшының ғана емес, спорт саласында еңбек етіп жүрген әрбір маманның ұстанымы болуы тиіс. Бүгін біз осы саланың дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтардың қызметін ерекше атап өтеміз. Сіздердің еңбектеріңіз – бір ғана спортшының тағдырына емес, тұтас ұрпақтың тәрбиесіне әсер ететін үлкен жауапкершілік. Бүгінгі марапат – сіздердің еңбектеріңізге көрсетілген құрмет. Еңбектеріңіз ел алдында еленіп, абыройларыңыз арта берсін», – деді өңір басшысы.
Жиын аясында өңірдің спорт саласын дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар мемлекеттік және ведомстволық марапаттармен марапатталды. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі ширек ғасыр бойы табанды еңбек еткен үстел теннисінің жаттықтырушысы Бауыржан Шайхинге табысталды. Сала ардагері Ақылтай Жарылғанов «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, волейбол жаттықтырушысы Думан Исабаев пен ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубының басшысы, халықаралық дәрежедегі төреші Болат Ақжігітов «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері атанды. Сонымен қатар сала үздіктеріне салалық министрліктің Құрмет грамоталары мен облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Өңірдегі спорт майталмандарын ұлықтаған бұл шара бұқаралық спорттың өрісін кеңейтіп, жас буынның салауатты өмір салтына деген ынтасын арттыра түспек.



