Берік Уәлидің Абайдағы бір жылы

Берік Уәлидің Абай облысын басқарғанына бір жыл толды. Осы уақыт ішінде өңірде өндіріс, инфрақұрылым, әлеуметтік, мәдени және білім салаларында нақты өзгерістер байқалды. Бұл шаралар тек жеке фактілер емес, аймақ экономикасын дамыту мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Семейдегі 96 гектар аумақты қамтитын «Өндіріс» индустриялық аймағында үш жоба іске қосылды. Облыс бойынша жалпы 10 инвестициялық жоба жүзеге асып, 228 жаңа жұмыс орны құрылды. Сол жобалардың бесеуі Семейде іске асырылып, 98 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.
Әкім бастамасымен өткен «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырды. Форум аясында жалпы құны 336 млрд теңгені құрайтын 15 келісім жасалып, соның нәтижесінде екі ірі жоба нақты кезеңге өтті. Солардың бірі – «Pana Complex Semey» қонақүй кешені, нысан пайдалануға беріліп, 105 жаңа жұмыс орны ашылды. Екінші жоба – құрылысы басталған «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығы, толық іске қосылғанда 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Сонымен қатар, Бородулихада жылдық қуаттылығы 6 миллион дана керамикалық кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды. Ал «Казполиграф» кәсіпорнында картон қаптама шығаратын жаңа цех ашылып, өнімінің 30 пайызы экспортқа шығарылады.

Агроөнеркәсіп кешенінде де серпін бар. Облыста 36 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, оның 18-і Семейде орналасқан. Солардың бірі – «AgroLeader KAZ» ЖШС. Кәсіпорын жылына 72 мың тонна бұршақ және майлы дақылдарды қайта өңдеуге қауқарлы. Бұл өңір экономикасының шикізатқа тәуелділігін азайтуға жасалған нақты қадам.

Облыста ауыз су мәселесі де шешіліп жатыр. Облыс бойынша қолға алынған 33 жобаның сегізі аяқталды. Нәтижесінде Семейдегі Нахаловка, Бобровка, Березовский кенттері таза ауыз сумен қамтылды. Қала бойынша сумен қамту деңгейі 94,7 пайызға жетті.

Облыс көлемінде 358 шақырым жол жөнделді. Семейде 52 көшеге асфальт төселсе, оның 36-сына алғаш рет асфальт салынды. Сонымен қатар 40 аулаға асфальт жайылып, 35 аула абаттандырылды. 25 жыл қараусыз қалған аспалы көпір күрделі жөндеуден өтті. Ұзындығы 415 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар Қалбатау–Майқапшағай автожолы ашылды.
Әуе қатынасы да жанданды. «Семей–Астана–Семей» бағытында «Южное небо» компаниясының 48 орындық ұшағы рейске шықты. Бұл өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндігін кеңейтетін маңызды шешім.

Қарағайлыда 53 мың шаршы метрлік жаңа саябақ ашылып, Қарағайлы мен Энергетик аудандарын байланыстыратын көше пайдалануға берілді. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер және велосипед жолдарының салынуы да сапаның өзгеріп жатқанын көрсететін фактор.

Бір жылдың ішінде бірнеше ірі білім нысандары іске қосылды. Қарағайлы мен Водный ауылдарында сәйкесінше 1200 және 600 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді. Бесқарағай мен Ақсуатта 300 орындық мектептер іске қосылып, жергілікті оқушыларға жағдай жасалды. Аягөзде 600 орындық мектеп ашылса, Семейде 500 орындық Оқушылар сарайы қызметін бастады, ал Курчатовта 305 орындық шығармашылық үйі өз есігін айқара ашты. Сонымен бірге, Приречныйда алғаш рет 60 орындық балабақша жұмысын бастады.

Денсаулық сақтау саласында да нақты өзгерістерді байқауға болады. Мысалы, Үржарда дәрігерлік амбулатория жұмысын бастады, ал Мақаншыда 27 жыл бойы аяқталмай тұрған нысан іске қосылды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 20 медициналық пункт ашылды. Сонымен қатар, Аягөзде реанимация бөлімі іске қосылып, Семейде 100 орындық психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеме пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 100 санитарлық көлік алу туралы шешім қабылданып, оның 10-ы қолданысқа берілді.

2025 жыл өңір үшін айрықша есте қалатын жыл болды. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтті. Мерейтой тек мәдени шара болып қана қоймай, өңірдің рухани белгісіне айналды. Осы жылы сегіз мәдени нысан жөнделіп, Новопокровка мен Камышенко ауылдарында 100 орындық жаңа клубтар ашылды. Спорт саласында алты жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп, бұқаралық спортқа қолжетімділік артты.

Берік Уәлидің бір жылдық жұмысын тек сандармен бағалау дұрыс емес. Осы уақыт ішінде көптен шешілмей келген мәселелер қозғалып, тоқтап тұрған құрылыстар жанданды. Жаңа өндіріс орындары ашылып, әлеуметтік нысандар көбейе бастады.

Әрине, әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Бірақ бір жылда өңір дамуының бағыты айқындала түсті. Ең маңыздысы — басталған жұмыстардың жалғасып, халыққа нақты нәтиже беруі. Абай облысы үшін бұл үлкен өзгерістердің бастауы ғана.



