Басты жаңалық

Майдангерлер рухына тағзым

Семейдегі Жеңіс саябағы 9 мамыр күні ерекше рухқа бөленді. Таңнан бастап тұрғындар мен ардагерлер «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, майданда қаза тапқан боздақтарды еске алуға жиналды. Абай облысында Жеңіс күніне арналған ауқымды мерекелік шаралар басталды.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Берік Уәли, тыл және еңбек ардагерлері, құқық қорғау органдарының басшылары, әскери бөлімдердің өкілдері мен «Жас Ұлан» әскери мектебінің курсанттары қатысты.

Шара барысында Даңқ гирляндасы мен гүл себеттері қойылып, соғыста ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Мерекелік жиында жиналған жұртшылыққа майдан ботқасы ұсынылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мапруза Утуленова, Қадылбек және Маржан Омаровтар, Гүлдана Ноғайбаева, Мұңлық Сарбасова, халықтық «Ахау Семей» ансамблі мен өзге де өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді орындады.

Абай өңірінен Ұлы Отан соғысына 100 мыңға жуық азамат аттанған. Оның 44 мыңнан астамы туған жерге оралмаған. Сондай-ақ 56 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алған.

Айта кетейік, Жеңіс күніне орай Абай облысында 100-ден астам мәдени-көпшілік және патриоттық іс-шара өткізіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button