Конституциялық комиссия: негізгі қағидаттар сақталады

Қазақстан Конституциясында мемлекеттің біртұтастығы мен ел аумағының тұтастығына қатысты негізгі норма өзгеріссіз қалады. Бұл туралы Конституциялық комиссияның отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді.
Сонымен қатар Конституцияға белгілі бір аумақтарда арнайы қаржы-құқықтық режим енгізу және «жылдам даму қалаларын» құру мүмкіндігін қарастыратын норма қосу ұсынылып отыр. Бұл бастамалар Астанадағы Халықаралық қаржы орталығының жұмысы мен Алатау қаласын дамытуға бағытталған.
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, бұл өзгерістер елдің экономикалық дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді. Дегенмен, елдің әкімшілік-аумақтық құрылымы тек конституциялық заң арқылы айқындалатыны атап өтілді.
«Мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы туралы қағидат өзгермейді», – деді ол.
Жоба қазір пысықтау кезеңінде.



