Басты жаңалық

Ынтымағы жарасқан, мерейі үстем болған шаңырақтар

Шаңырақтың шырайын кіргізіп, елдіктің бесігін тербеткен өнегелі әулеттер салтанат құрған күн. Семей төрінде Абай облысының абыройын асырып, ұрпағына ұлттық тәрбиенің нәрін сепкен отбасыларды ұлықтауға арналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі жоғары деңгейде өтіп, үздіктер өз марапатын алды.

2014 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба – адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мәртебесін арттыруға және ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін айшықтауға бағытталған маңызды бастама. Бүгінде Абай облысында 198 526 отбасы бар болса, оның 18 983-і – көпбалалы шаңырақтар. Өңірдегі әрбір жанұяның өзіндік тарихы, қалыптасқан дәстүрі мен қоғамға қосып отырған үлесі ерекше. Биылғы бәйгеде облыстың қалалары мен аудандарынан 129 отбасы бақ сынап, оның ішінен суырылып шыққан 24 әулет облыстық кезеңге жолдама алған болатын.

Салтанатты шараға қатысқан аймақ басшысы Берік Уәли жеңімпаздарды құттықтап, отбасы құндылықтарының мемлекет пен қоғам дамуындағы орнына ерекше тоқталды. Әр адам ең алдымен өз шаңырағында тұлға болып қалыптасатынын атап өткен облыс әкімі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың отбасылық тәрбие туралы пікірін тілге тиек етті. Абай өңірінде осымен бес жыл қатар өткізіліп келе жатқан бұл байқау өнегелі отбасылардың басын қосып, ізгілік пен ынтымақты дәріптейтін дәстүрлі шараға айналғанын тілге тиек еткен өңір басшысы марапатталған әулеттерге ел атынан риясыз алғысын білдірді.

Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша жүлделі I орынды Бесқарағай ауданынан келген Қайдаровтар отбасы иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Жүлделі II орын Абай ауданының Мақаевтар отбасына бұйырса, III орынды Ақсуат ауданының Каржиковтар және Жарма ауданының Құмаровтар отбасы өзара бөлісті.

Сахна төрінде толқынысын жасыра алмаған білім саласының ардагері, байқау жеңімпазы Жұмағазы Қайдаров 60 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, ұрпақ өсіріп отырған отбасы үшін бұл марапаттың орны бөлек екенін айтып, ризашылығын білдірді. Кеш соңында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы естелік сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар салтанатты түрде табысталды.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button