Бородулиха ауданында Конституция жобасы түсіндірілді

Бородулиха ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған бірқатар кездесу өтті. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері түрлі сала өкілдерімен кездесіп, құжаттағы негізгі өзгерістер туралы айтып берді.
Алдымен коалиция мүшелері Новопокровка ауылындағы «Шыңғыс тас» ЖШС кірпіш зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Жиында еңбек құқықтары, әлеуметтік кепілдіктер және азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктері туралы айтылды.

«AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалы жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы, коалиция мүшесі Оралхан Сартаев жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын айтты.
«Жаңа Конституция – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтетін маңызды құжат. Ол әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, елдің тұрақты дамуына жол ашады», – деді ол.
Кездесу Бородулиха колледжінде және Әлихан Бөкейханов атындағы мектепте де өтті. Жиында білім беру саласы, мұғалімдердің мәртебесі және әр балаға сапалы білім беру мәселелері талқыланды. Педагогтер өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты.

Сонымен қатар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қызметкерлерімен де кездесу өтті. Онда жаңа Конституция жобасындағы өзгерістердің азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және заң үстемдігін нығайтуға бағытталғаны айтылды.



