Қарыздан құтылудың соңғы мүмкіндігі

Бірнеше жыл бұрын қарызға батқан адам үшін несиеден құтылудың заңды жолы жоқтың қасы еді. Қазір жағдай өзгерді. Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енгелі бері мыңдаған азамат қаржылық өмірін жаңадан бастауға мүмкіндік алды.
Банкроттық рәсімі ең алдымен төлем қабілетін жоғалтқан азаматтарға арналған. Егер адамның қарызы ұзақ уақыт бойы өтелмесе, мүлкі болмаса және берешек көлемі заңда белгіленген шектен аспаса, ол соттан тыс банкроттық рәсіміне жүгіне алады.
Абай облысында бұл мүмкіндікке қызығушылық жоғары. Бүгінге дейін 12 мыңнан астам адам өтініш беріп, олардың екі мыңнан астамы банкрот деп танылған. Бұл көптеген отбасы үшін қарыз қысымынан шығудың нақты тетігіне айналғанын көрсетеді.
Алайда мамандар банкроттықты мәселенің оңай шешімі ретінде қабылдамауға кеңес береді. Өйткені азамат бірнеше жыл бойы несие ала алмайды және оның қаржылық жағдайы бақылауда болады. Сондықтан бұл қадамға тек барлық мүмкіндік таусылған жағдайда барған жөн.



