«Құрметті донор» мәртебесін қайтару ұсынылды

Қазақстанда қан донорларына берілетін өтемақыны көбейту мәселесі көтерілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден мәлімдеді.
Қазіргі таңда донорларға 0,25 АЕК немесе 983 теңге төленеді. Депутаттың айтуынша, бұл мөлшер шамамен 20 жыл бұрын бекітілген және содан бері өзгермеген.
Қазақ тағамтану академиясы ұсынымына сәйкес, қан тапсырған адам сол күні кемінде 5 мың килокалория тұтынуы тиіс. Мұндай тағамның құны 5 мың теңгеден асады, яғни шамамен 1,25 АЕК.
Осыған байланысты өтемақыны 0,25 АЕК-тен 1,25 АЕК-ке дейін арттыру ұсынылды. Сонымен қатар Астана мен Алматыда тромбоцит донорларына жергілікті бюджет есебінен қосымша ынталандыру енгізу қарастырылып отыр.
Депутат сондай-ақ «Құрметті донор» мәртебесін қайта енгізуді, донорлықты дамытуға арналған жыл сайынғы жоспарларды бекітуді және бизнес пен еріктілерді тарту арқылы корпоративтік донорлықты күшейтуді ұсынды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама донорлық мәдениетті дамытуға және қан қорының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етуі мүмкін.


