«Бақты – Аягөз» теміржолы қарқын алады

Биыл Абай облысындағы «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы қарқын ала түспек.
Үкімет басшысының тапсырмасымен өңірге Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов бастаған арнайы делегация келді. Делегация құрамында Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері бар.
Облыс әкімдігінде өткен кеңесте жобаны іске асыру барысы талқыланды. Кеңес қорытындысында теміржолдың белгілі бір бөлігін жергілікті ұйымдарға беру арқылы оларды жобаға тарту және құрылыс жұмыстарын жеделдету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, «Бақты – Аягөз» теміржолының құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталған. Ұзындығы 297 шақырым болатын жаңа теміржол желісі бойында 12 станция, 47 көпір және ондаған жол өтпесі салынбақ.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін бұл бағыттағы жыл сайынғы жүк айналымы 20 миллион тоннаға дейін артады деп күтілуде.



