Семей ғылым мен инновация алаңына айналды

Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдің жас ғалымдарымен кездесті. Еркін форматта өткен басқосу «Abai Science Fest» ғылыми фестивалі аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында ғылымды дамыту, қолданбалы зерттеулерді өндіріске енгізу, жас ғалымдарды қолдау және өңірдің ғылыми әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі өз сөзінде Абай облысында ғылым мен инновацияны дамытуға басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде өңірде 150 мыңнан астам жас тұрады, 830 жас ғалым ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жатыр.
Аймақ басшысы Семейдің тарихи тұрғыдан ғылым мен ағартушылықтың орталығы болғанын айтып, бұл дәстүрді заманауи технологиялармен ұштастыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, өңірде ғылыми инфрақұрылымды дамыту, инновациялық жобаларды қолдау және ғылымды экономикамен байланыстыру бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Жиында жас ғалымдар өз жобаларын таныстырып, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру, гранттық қолдау және тұрғын үй мәселелері бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу соңында облыс әкімі жастар бастамаларын қолдау жалғасатынын атап өтті.



