Басты жаңалық

Шәкәрім университетінде жүзу бассейні пайдалануға берілді

Шәкәрім университетінде студенттердің салауатты өмір салтын ұстануына бағытталған тағы бір маңызды нысан іске қосылды. Оқу орнының №1 спорт кешенінде дәстүрлі спартакиаданың ашылуымен қатар жаңартылған жүзу бассейнінің салтанатты тұсаукесері өтті.

«Семей – студенттер қаласы» атанған шаһарда жастар игілігіне арналған спорт нысанында барлық қажетті жағдай қарастырылған. Бассейн күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға толық сай жаңғыртылды.

Салтанатты шарада ардагер ұстаз Анатолий Сидельников кешеннің тарихына тоқталып, бұл ғимараттың 46 жыл бұрын студенттер мен қала тұрғындарының бірлескен еңбегімен салынғанын атап өтті. Оның айтуынша, бассейн алғаш рет 1980 жылы іске қосылып, түрлі деңгейдегі жарыстар өткізілген өңірдегі бірегей спорт нысаны болған.

2025 жылы қайта жаңғыртылған бассейн университет студенттері үшін жаңа оқу жылындағы үлкен тарту болды. Қазір кешенде спорт және жаттығу залдары, фитнес орталығы жұмыс істейді. Бұл инфрақұрылым жастардың спортпен жүйелі айналысуына, соның ішінде жүзуді меңгеруіне мүмкіндік береді.

Жалпы аумағы 14х25 метрді құрайтын бассейн алдағы уақытта университет қауымы мен қала тұрғындарының игілігіне қызмет етпек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button