Басты жаңалық

Семейде жаңа спорт кешені салынады

Абай облысында «Абайға құрмет» акциясы аясында Семей қаласында жаңа спорт кешенінің құрылысы басталады. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай операторы – Samruk-Kazyna Trust арқылы қаржыландырылады.

Жаңа нысан қаланың оң жағалауында, Сәтбаев көшесінде бой көтереді. Жалпы ауданы 2 мың шаршы метрді құрайтын екі қабатты кешенде әртүрлі спорт түрлеріне арналған залдар, 100 көрерменге арналған трибуна, бокс және күрес залдары, тренажер залы мен қосалқы бөлмелер қарастырылған.

Кешен заманауи талаптарға сай жабдықталады. Атап айтқанда, ғимаратта лифт орнатылып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де толық қолжетімді орта қалыптастырылады.

Жобаны жүзеге асыруға шамамен 1,6 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Samruk-Kazyna Trust арқылы еліміздің бірқатар өңірлерінде инклюзивті спорт орталықтарын салу көзделген. Бұл орталықтар ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектердің спортпен тұрақты түрде айналысуына мүмкіндік береді. Жобалар аясында бейімделген спорт залдары, бассейндер, медициналық және оңалту бөлмелері, сондай-ақ оқу және әлеуметтену аймақтары қарастырылады.

Айта кетейік, бүгінде қор аясында ел бойынша 19 спорт кешені жұмыс істеп тұр. Олар 700 мыңнан астам адамның спортпен шұғылдануына жағдай жасап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button