Ұйқы безі обырын емдеудің жаңа тәсілі табылды

Майами университетінің Сильвестр атындағы кешенді онкологиялық орталығының ғалымдары ұйқы безі обырын емдеудің жаңа тәсілін ұсынды. Зерттеу нәтижелері JCI Insight журналында жарияланған.
Ғалымдар IL1RAP рецепторын бұғаттау арқылы ісіктің микроортасын өзгертуге болатынын анықтаған. Клиникаға дейінгі зерттеулерде бұл әдіс иммундық жүйенің белсенділігін тежейтін жасушалар мен фиброзды азайтып, Т-жасушаларының белсенділігін арттырған. Нәтижесінде ісіктер біріктірілген емге жақсырақ жауап берген.
Зерттеушілер жаңа тәсілді операция жасауға болатын ұйқы безі обыры бар науқастарға клиникалық сынақ барысында тексеруді жоспарлап отыр. Емді операцияға дейін химиотерапия және иммунотерапиямен қатар қолдану көзделген.
Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл ісік тініндегі емге дейінгі және кейінгі өзгерістерді салыстыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстанда соңғы жылдары онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 26,6%-ға төмендеген. Ал қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау көрсеткіші 36,8%-ға жетіп, асқынған жағдайлар 7,5%-ға азайған.



