Денсаулық

Ораза кезінде денсаулықты қалай сақтау керек?

Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау – рухани тазарумен қатар, ағзаға түсетін жүктемені ескеруді қажет ететін кезең. Мамандардың айтуынша, бұл уақытта дұрыс тамақтанудан бөлек денсаулыққа мұқият қарау аса маңызды.

Сәресіні өткізіп алмау керек. Таңғы ас жеңіл болғанымен, тойымды әрі құнарлы болуы тиіс. Ақуызға бай тағамдар, баяу сіңетін көмірсулар және құрма пайдалы. Сонымен қатар ағзаның сусызданбауы үшін жеткілікті мөлшерде су ішу қажет. Кемінде 1–2 стақан су ішіңіз. Қуырылған, ащы және тұзды тағамдар шөлдететіндіктен, оларды шектеу керек. Тек шаймен шектелу жеткіліксіз. Сондай-ақ «күні бойы тоқ жүру үшін» шамадан тыс тамақтану да дұрыс емес, себебі бұл асқазанға ауырлық түсіреді.

Ауыз ашу кезінде асықпаған жөн. Ең дұрысы – құрма және жылы сумен бастау. Мұздай немесе газдалған сусындардан бас тартқан дұрыс. Бірден ауыр, майлы тағам тұтыну асқазанға кері әсер етуі мүмкін. Алдымен жеңіл сорпа мен салат, шамамен 10–15 минуттан кейін негізгі тағам жеген жақсы. Майлы, ащы және тәтті тағамдарды шамадан тыс пайдалану салмақ қосуға себеп болады.

Ораза барлық адамға бірдей міндетті емес. Инсулин қабылдайтын қант диабеті бар адамдарға, асқазан ойық жарасы мен гастриттің асқынған түрі бар жандарға, онкологиялық ауруы бар науқастарға, ауыр анемияға шалдыққандарға, қан қысымы тұрақсыз адамдарға және созылмалы ауруы асқынғандарға ауыз бекітуден бас тарту керек. Жүкті және емізулі аналар да әлсіздік байқалған жағдайда ораза ұстамағаны жөн.

Егер ораза кезінде бас айналу, талып қалу, қан қысымының күрт төмендеуі немесе қандағы қант деңгейінің азаюы байқалса, ауыз бекітуді тоқтатып, медициналық көмекке жүгіну қажет. Рамазан айында басты назар – рухани тазалықпен қатар денсаулықты сақтау.

Басқа жаңалықтар

Back to top button